Жеңіл өнеркәсіп саласында жұмысшылардың 60 пайызы - әйел
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде отандық жеңіл өнеркәсіп саласында шамамен 28 мың адам еңбек етеді, олардың шамамен 60%-ы әйел мамандар. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков мәлім етті.

- Соңғы жылдары сала елеулі жетістіктерге жетті. Биыл жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жол картасын жүзеге асыру аяқталады. Оның аясында салалық кәсіпорындарды қолдау, өндірістік базаны дамыту және ішкі сұранысты ынталандыру бойынша негізгі шаралар іске асырылды, - деді Мұхамед Андаков елордада өткен жеңіл өнеркәсіп ұлттық бірлестігінің 10 жылдығына арналған ІІ съезінде.
Оның айтуынша, жеңіл өнеркәсіпті дамытудың негізгі факторы – мемлекеттік қолдау.
- Соңғы жылдары жабдықты жаңартуға қаражат бөлініп, әкімшілік рәсімдер жеңілдетілді және салық жеңілдігі енгізілді. Нарықта теңдей жағдайды қамтамасыз ету және өндірістік қуатты жүктеуді ынталандыру мақсатында жеңіл өнеркәсіптің 1162 тауар түрін ұлттық режимнен алып тастау белгіленді. Тоғыз арнайы экономикалық аймақта жеңіл өнеркәсіп саласы басым салалар тізіміне енгізіліп, кәсіпорындарға қолжетімді өндірістік алаңдар мен инфрақұрылымға қол жеткізілді, - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр.
Бүгін елордада Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп ұлттық бірлестігінің 10 жылдығына орай съезд өтті.