Жеңілдетілген несие көлемі артты: агро салаға қолдау күшейді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда аграршыларды жеңілдетілген қаржыландыру көлемі едәуір артты. Жаңа тетік арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен несие алып, егіс және егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік алды. Нәтижесінде қаржыландыру көлемі мен қамтылған егістік алқаптарының аумағы ұлғайды.
Қазақстанның аграрлық секторында ұзаққа созылған жүйелі мәселелердің бірі айналым капиталының жеткіліксіздігі еді. Әр жылдары көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70-тен 140 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген қаржыландыру бөлінгенімен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттілігі бұдан әлдеқайда жоғары болды. Бюджет мүмкіндіктері шектеулі жағдайда аграршыларға түсетін қаржылық жүктемені арттырмай-ақ қолжетімді қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін шешім қажет еді.
Осындай тиімді құрал ретінде облигациялық қарыздар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл салаға қосымша қаржы ресурстарын тартуға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жылдық белгіленген 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландырумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Іс жүзінде субсидиялау тәсілі түбегейлі жаңартылды.
— Бұрын аграршылар несиені нарықтық мөлшерлемемен алып, кейін субсидия алу рәсімінен өздері өтетін. Бұл қосымша әкімшілік жүктеме туғызып, субсидиялардың уақытылы төленуіне қатысты мәселелерге себеп болатын. Жаңа тәсіл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 5% жеңілдетілген мөлшерлемені сақтап қалуға мүмкіндік берді, ал субсидиялардың кешіктіріліп төленуіне байланысты тәуекелдерді Корпорация өз мойнына алды, — дейді «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.
Тек қаржыландыру көлемі ғана емес, саланы қамту ауқымы жағынан да нәтиже жоғары. 2024 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 321,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріліп, 5,6 млн гектар алқаптағы жұмыстар қаржыландырылды. Ал 2025 жылы қаржыландыру көлемі 549 млрд теңгеден асып, қамту аумағы 8,5 млн гектарға дейін ұлғайды. Бұл сала үшін шығындарды тұрақты жоспарлауға және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда дәнді және бұршақты дақылдардың орташа өнімділігі 2023 жылғы гектарына 10,3 центнерден 2024 жылы гектарына 15,2 центнерге дейін өсті.
— Біздің мақсатымыз — несие беру көлемін жай ғана арттыру емес. Ең бастысы — салада жеткілікті көлемде айналым капиталын қалыптастыру. Ауыл шаруашылығы өндірушісі қажетті ресурстармен толық қамтамасыз етілген кезде өндірістік технологияларды сақтай отырып жұмыс істей алады, шаруашылықтың тиімділігін арттырады және өнімнің өзіндік құнын төмендетеді. Түптеп келгенде, бұл отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді, — деді Алмат Әшірбеков.
Бұл тетіктің тағы бір маңызды артықшылығы — ауыл шаруашылығы өндірушілері алдағы өндірістік маусымға қажетті қаржыландыруды қазан–қараша айларынан бастап тарта алатын болды. Соның арқасында олар қажетті ресурстарды алдын ала әрі тиімді бағамен сатып алып, жұмыстардың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік алды.
Даму институттарының пайдасын бөлу мәселесі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының таза пайдасының 70%-ы дивиденд түрінде мемлекетке аударылады. Қалған қаражат негізгі қызметке қайта инвестицияланып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді одан әрі қаржыландыруға бағытталады.
Кез келген тетіктің тиімділігі, түптеп келгенде, қаражат тарту тәсілімен емес, оның нәтижесімен өлшенеді. Егер аграршылар қаржыландыруды уақытында алып, дала жұмыстарын тоқтаусыз жүргізіп, мол өнімге қол жеткізсе, онда жүйе тиімділігін көрсетті деуге болады. Бұған соңғы екі жылдың көрсеткіштері нақты дәлел деуге болады.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде агросубсидиялау жүйесі өзгеретінін жаздық. Фермерлер жеңілдетілген несиеге көшіріледі.