Жеңіс күні: Каппадокияда әуе шарлары түрік туымен безендірілді

АСТАНА. KAZINFORM — Думлупынар шайқасындағы жеңістің 103 жылдығына орай Каппадокия аспанына Түркия тулары тағылған әуе шарлары көтерілді, деп хабарлайды Анадолы.

Каппадокия
Фото: Анадолы

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Каппадокияда күннің шығуына орай әуе шарлары ұшуға дайындалды. Туристерге «ертегі мұржалары» мен ғажайып жартастарымен танымал Каппадокия алқаптарын көктен тамашалау мүмкіндігі берілді.

Түркияның Невшехир провинциясындағы танымал туристік орталық Гёремеде әуе шарларының себеттері Түркияның мемлекеттік туларымен безендірілді.

Әуе шарының ұшқышы Ахмет Башйигит журналистерге 30 тамызда атап өтілетін Жеңіс күніне орай сәтті ұшуды жоспарлап отырғандарын айтты.

— Біз әуе шарларын Түркия тулары арқылы сәндедік. Біз барлық қаһарман шейіттеріміз бен ардагерлеріміздің рухына тағзым етеміз және олардың естелігі дәл осындай ерекше күндерде де ұмытылмайтынына мақтан тұтамыз, — деді ол.

Туристер бір сағат бойы «Перибаджалары» және табиғи жартас түзілістерімен танымал алқаптардың үстінен қалықтап ұшты.

Жеңіс күні — Түркия Республикасындағы ең маңызды ұлттық мерекелердің бірі. Бұл күні елдің түкпір-түкпірінде түрлі мерекелік іс-шаралар өтеді.

1922 жылдың 26 тамызында Мұстафа Кемал Ататүрік басқарған түрік армиясының шабуылы басталып, 30 тамызда басқыншы әскердің талқандалуымен аяқталған бұл оқиға әлем тарихына «Ұлы шабуыл» ретінде енді және батырлықтың ұлы үлгілерінің бірі ретінде саналады.

Осыдан бұрын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдің өз радарларын басқару және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін дамытуға ниетті  екенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар