Жеңістің 80 жылдығы: парад алаңына атақты «Катюша» мен Т-34 танкі шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы әскери парад кезінде парад алаңына атақты «Катюша» мен Т-34 танкі шықты.

Жеңістің 80 жылдығы: парад алаңына атақты «Катюша» мен Т-34 танкі шықты
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан армиясы қалыптасу мен дамудың күрделі кезеңінен өтті. Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы күштерінің жаңа келбеті қалыптасты. Кәсібилігі жоғары, мобильді әрі заманауи қару-жарақпен және техникамен жабдықталған ұлттық армия құрылды. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының бұйрығына сәйкес, әскер заманауи қару-жарақпен және техникамен қамтамасыз етілген. 

Атап айтқанда, бүгінгі парад кезінде әскери техника үлгілері, сондай-ақ Екінші Дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіс жолында армияның негізгі қаруы болған техника үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. 

Алаңнан соғыс кезінде ең көп шығарылған әрі аса танымал болған Т-34 танкі мен танымал БМ-13 («Катюша») реактивті артилеррия машинасы жүріп өтті. «Т-34» танкі — Екінші дүниежүзілік соғысының аңызы. Қарапайым әрі сенімді, ұрысқа кірген алғашқы сәттен бастап ол теңдесі жоқ сапасын көрсетті. Соғыс жылдарында 30 мыңнан астам «Т-34» танкі шығарылды. Бұл жауынгерлік қасиеттері бойынша фашистік Германияның орташа танктерінен асып түсетін танк болды. Т-34 Ұлы Отан соғысының бірінші күнінен бастап соңғы күніне дейін абыроймен өтіп, Жеңістің символына айналды. Ал реактивті артиллериясының «БМ-13» жауынгерлік машинасы «Катюша» деп аталды. Оның ұтқырлығы мен өрістету жылдамдығы жедел артиллериялық қолдауды қамтамасыз етті. Бұл «Катюшаны» майдан даласындағы таптырмас қару етті.

Жеңістің 80 жылдығы: парад алаңына атақты «Катюша» мен Т-34 танкі шықты
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Реактивті жүйе тек техникалық жетістікке ғана емес, сонымен қатар сарбаздардың жауынгерлік рухының символына айналды. «Катюша» жеңіс тарихында айтарлықтай із қалдырды.

Одан соң сол кезеңдегі ЗИС-2 зеңбіректері мен М-30 гаубицалары көрсетілді. Бір кездері ЗИС-2 зеңбірегі танкке қарсы ең қуатты қару ретінде танылды. Соғыс кезінде ол «Тигр» ауыр танктеріне қарсы қолданылды.

«ЗиЛ-157» техникасына орнатылған 122 мм калибрлі «М-30» шынжыр табанды артиллериялық қондырғы да парад кезінде жүріп өтті. 1930 жылдары жасалған «М-30» Кеңес Армиясының жеңісінде маңызды рөл атқарды. Сол жылдары «М-30» 14 шақырымға дейін атыс жүргізе алды, бұл жаудың бекіністі позицияларына соққы беруге мүмкіндік беріп, қарсы шабуылдарға мүмкіндіктер ашты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар