Жер астындағы қауіпсіздік: «Жомарт» кеніші жаңа технологиялар енгізіп жатыр

ҰЛЫТАУ. KAZINFORM – «Жомарт» кенішінде болған апаттан кейін өндірісте қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. 

Жер астындағы қауіпсіздік: «Жомарт» кеніші жаңа технологиялар енгізіп жатыр
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Бүгінде мұнда 1 144 адам еңбек етеді. Жұмысшылар заманауи техникамен қамтылып, атмосфераны бақылаудың көпсатылы жүйесі іске қосылды. Негізгі мақсат – әрбір кеншінің өмірін қорғау және өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Қауіпсіздік жүйесі

Апаттан кейін «Қазақмыс» корпорациясы бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алды.

– Үкіметтік комиссия 45 іс-шара ұсынды. Оның 29-ы орындалды, қалғандары атқарылуда. Барлық ұсынысты корпорация толық қабылдады, - дейді Өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау басқармасының басшысы Гүлшат Естаева.

Кенішке стационарлық газталдау сенсорлары орнатылып, 130 портативті «Спутник-1М» құрылғысы сатып алынды. Олар метан мен зиянды газдарды, температураны анықтайды. Сонымен қатар газталдағыштарға арналған арнайы «селфи-таяқшалар» алынды. Бұл шахтерлерге қазбаның жоғарғы бөлігінде жиналатын газды қауіпсіз өлшеуге мүмкіндік береді.

Жер астындағы қауіпсіздік: «Жомарт» кеніші жаңа технологиялар енгізіп жатыр
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Ғылыми қолдау

Кеніште метан газының бөлінуі алғаш рет байқалды. Бұл ретте «НТК СпецШахтСтрой» және «ВостНИИ» институттары жұмылдырылып, зертханалық қорытындылар бойынша қатаң бақылау мен желдету жағдайында жұмыс істеуге рұқсат берілді.

«Серіктес» базасында зертхана ашылып, ауа мен руда сынамалары талданады. Қосымша 20 сынама алғыш, 27 қуаттау құрылғысы, 5 деректер оқу жүйесі алынды.

Әр қадамды бақылау

Шахтада позициялау жүйесі енгізілді. 15,5 шақырым кабель тартылып, 49 құрылғы орнатылды. Енді жер астында 100% байланыс бар.

– Әр шахтер белгісі бар шам және бейнежетонмен жабдықталған. Егер ол қозғалмай қалса, жүйе дабыл соғады. Бұл жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді, - дейді Гүлшат Естаева.

Сонымен қатар бұрғылау техникасына метан-реле орнатылып жатыр. Бұл құрылғы газ деңгейі көтерілсе, қозғалтқышты автоматты түрде тоқтатады. Жыл соңына дейін 16 техника осындай құрылғымен жабдықталады.

Шахтерлердің пікірі

Жұмысшылар қауіпсіздікке деген көзқарастың өзгергенін айтады.

– Әуелі техниканы тексереміз, кейін кенжарға кірісеміз. Қауіп көрінсе, дереу хабарлаймыз. Бастысы – бәріміздің үйге аман оралуымыз, - дейді бұрғылаушы Арман Сыздықов.

«Қазақмыс» корпорациясы
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Инновациялық техника

2023 жылы кенішке Epiroc Atlas Copco компаниясының аккумулятормен жүретін тиеп-тасымалдау машиналары әкелінді. Олар 800 вольттық батареямен 4 сағат жұмыс істейді, батарея бірнеше минутта ауысады. Техника шусыз әрі экологиялық таза.

– Электр техникасы дизель қалдықтарын шығармайды және тыныш жұмыс істейді, - дейді шахтерлер.

Бір машинаның құны шамамен 273 мың еуро.

Өндіріс әлеуеті

«Жомарт» кенішінің жылдық өндірістік қуаты – 4 млн тонна руда. Жұмыс камералық-бағаналық жүйемен жүргізіледі. Кеніште 67 тау-кен жабдығы, 10 өзі жүретін машина, тәулігіне 11 мың тонна руданы өңдейтін 4 ұсату кешені бар. Тәулік бойы кезекшілік ететін «Серіктес» құтқару қызметі де жұмыс істейді.

Жерасты жұмысшыларының орташа айлық жалақысы – шамамен 850 мың теңге.

«Қазақмыс» корпорациясы
Фото: «Қазақмыс» корпорациясы

Қайта іске қосылу

Апаттан кейін кеніш 17 ақпанда толық тоқтатылған еді. Тек тіршілік қамтамасыз ету жүйелері жұмыс істеді. 2025 жылғы 16 маусымда №2 шахталық алаң қайта іске қосылды. Апат болған аумақ әлі жабық тұр.

– Қауіпсіздік – біздің басты басымдығымыз. Ресейдің көмір шахталарында қолданылған технологияларды біз де енгізудеміз. Мақсатымыз – мұндай қайғылы жағдайдың қайталанбауы, - дейді Гүлшат Естаева.

Болашаққа бағдар

Бүгінде «Жомарт» – тек руда өндіретін орын ғана емес, қауіпсіздік саласындағы озық тәжірибелер енгізілетін алаң. Атмосфераны бақылаудың көпқабатты жүйесі, ғылыми зерттеулер мен заманауи техника кенішті Қазақстандағы ең қорғалған өндіріс орындарының біріне айналдырды.

Мұндағы басты қағида – адамның өмірі бәрінен биік тұрса, өндіріс те қауіпсіз бола алады.

Осыған дейін Жомарт» кенішінде апаттың салдарын жою жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар