Жер астындағы нәзік күш: Qarmet компаниясының маркшейдер қыздары ерлермен тең қызмет етіп жүр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Шахта — тек ерлердің мекені емес. Qarmet компаниясының әйел-маркшейдерлері күн сайын жүздеген метр тереңдікке түсіп, кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Qarmet компаниясының маркшейдер қыздары шахтада ерлермен тең қызмет атқарып жүр
Фото: Qarmet

Жер астындағы ауыр еңбектің қақ ортасында, техника мен тастың үнін біріктіріп, өз ісіне берілген жандар жұмыс істейді. Солардың бірі — Qarmet компаниясына қарасты Ленин атындағы шахтаның маркшейдері Дарья Патракеева. Ол сегіз жылдан бері күн сайын шахтаға түсіп, кенжар бағытын есептеп, ұңғымашылардың қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп келеді.

Qarmet компаниясының маркшейдер қыздары шахтада ерлермен тең қызмет атқарып жүр
Фото: Qarmet

— Біз күн сайын шахтадамыз, — дейді Дарья. — Міндетіміз — кенжардың қозғалыс бағытын дәл анықтау. Бұл қателікке жол бермеуді, яғни кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді білдіреді. Біздің есептер мен өлшеулерсіз көмір өндіру процесі тоқтап қалар еді.

Дарья әрдайым тахеометр мен штативін арқалап, алдын ала белгіленген нүктелерде өлшеу жүргізеді. Әрбір сантиметр маңызды.

— Бір кішкентай есеп қателігі үлкен салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан біз әр сызбаны, әр деректі бірнеше рет тексереміз, — дейді ол.

Ленин атындағы шахтада Дарья — таптаурын көзқарасты бұзғандардың бірі. Мұнда ұзақ жылдар бойы тек ерлер еңбек етсе, қазір әйелдер де шахтаға еркін түсіп жүр.

— Біздің ұжым тату. Ерлер әрқашан көмектеседі, құрметпен қарайды. Маңыздысы — өз ісіңді білу. Сонда жынысыңның айырмашылығы емес, кәсібилігің бағаланады, — дейді ол.

Дарья — нағыз шахтерлер әулетінің өкілі. Әкесі — «Қазақстан» шахтасында, анасы — «Абайда» технолог, жұбайы да осы салада еңбек етеді.

— Мен өзімді үшінші буын шахтерімін деп айта аламын, — дейді ол. — Алғаш рет жер астына түскенде қорқыныш болған жоқ. Себебі бұл орта маған бала кезімнен таныс.

Маркшейдер мамандығын таңдауы — кездейсоқ емес. Дарья нақты ғылымдарды ұнатып, инженерлік дәлдікті қажет ететін мамандықты таңдаған.

— Біз ғылым мен өндірістің арасындағы дәнекерміз. Біздің өлшеулерімізсіз ешбір кеншінің жұмысы басталмайды. Барлық қазба жұмыстары біздің есептен туындайды, — дейді ол.

Бүгінде маркшейдер мамандығын заманауи технологияларсыз елестету мүмкін емес. Qarmet компаниясының шахталарында цифрлық өлшеу құралдары, аэро-газдық бақылау жүйелері мен тұрақты байланыс арналары кеңінен қолданылады.

— Біздің қолымызда әрдайым сенімді, заманауи байланыс құралдары бар, олар ешқашан істен шықпайды. — Аэро-газдық бақылау датчиктерінің арқасында жер астындағы жағдайды нақты бақылап отырамыз, сондықтан өзімізді қауіпсіз сезінеміз. Бұл сенімділік сыйлап, жұмысқа толық назар аударуға мүмкіндік жасайды, — дейді Дарья. 

Шахталарда орнатылған интернет жүйесі бригадалар арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз етеді. Өлшеу нәтижелері бір сәтте жер бетіне жіберіліп, мамандар деректерді талдап, жоспарларды нақтылап отырады.

— Біз қазір іс жүзінде онлайн режимінде жұмыс істейміз. Тіпті жердің астында жүргеннің өзінде технологиялар бізге үнемі байланыста болуға және барлық жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді, — дейді ол. 

Дарьяның жанында жас әріптесі Айбарша Бекболатова еңбек етеді. Ол — маркшейдер ісі бойынша магистр дәрежесіне ие, небәрі 25 жаста. Айбарша — өз отбасындағы алғашқы кенші.

Qarmet компаниясының маркшейдер қыздары шахтада ерлермен тең қызмет атқарып жүр
Фото: Qarmet

— Қиын болатынын білдім, бірақ бұл менің таңдаған жолым, — дейді Айбарша. — Маған бұл мамандықтың дәлдік пен жауапкершілікті талап ететіні ұнайды. Менің өлшеулерім бүкіл ауысымның қауіпсіздігіне әсер етеді, сондықтан әр күннің маңызы ерекше.

Айбарша Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Университет пен магистратураны бітірген соң, Qarmet компаниясының Ленин атындағы шахтасына жұмысқа орналасқан. Жас та болса, шахтадағы ауыр еңбекке төтеп беріп, өз ісін абыроймен атқарып жүр.

— Ең бастысы — өз ісіңді жақсы көру, — дейді ол. — Сонда ешқандай қиындық қорқынышты болмайды. Егер жұмыс жүрекке жақын болса, шахта да қараңғы емес, мүмкіндіктерге толы әлемге айналады.

Дарья мен Айбаршаның пікірінше, шахтада ерлерге ғана тән немесе әйелдерге ғана тән жұмыс жоқ. Мұнда ең бастысы — кәсіби шеберлік пен сенімділік.

— Бұл жұмыс мінез қалыптастырады, — дейді Дарья. — Жер астына түсу үшін рухани мықтылық керек. Егер өз ісіңе сенімді болсаң, бәрі құрметпен қарайды.

Qarmet компаниясының шахталарында бүгінде ондаған әйел-маркшейдер еңбек етеді. Олардың еңбегі — инженерлік дәлдік пен төзімділіктің көрінісі. Жер астында, әрбір метр есепке алынатын кеңістікте, дәл осы әйелдер болашақ өндіріс бағытын айқындап отыр.

Көрінбейтін, бірақ маңызды еңбек. Дәл осы нәзік жандардың қолымен сызылған өлшеу сызықтары арқылы Qarmet шахталары өмір сүріп, дем алып тұр.

Бұған дейін Qarmet компаниясының «Шахтинская» шахтасында кеншілер бригадасы жаңа рекорд орнатқаны хабарланған болатын№ Олар бір айда көмір қабатында жүздеген метр жол жүріп өткен. 

Соңғы жаңалықтар