Жер қойнауын пайдаланушылар отандық тауарларды сатып алуға басымдық беретін болады

АСТАНА. KAZINFORM – Жер қойнауын пайдаланушы отандық тауарларды сатып алуға басымдық беретін Елішілік құндылықты дамыту бағдарламасын қабылданды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

Жер қойнауын пайдаланушылар
Фото: gov.kz

«Мемлекет басшысы 3 жыл ішінде жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың, квазимемлекеттік және мемлекеттік сектордың сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін 60 пайызға жеткізуді тапсырды. Аталған міндетті іске асыру отандық өндірушілерді тапсырыстармен қамтамасыз етуге, олардың іскерлік белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ішкі өндірісті дамыту үшін өте үлкен резерв екені анық», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, қазір көптеген ел, оның ішінде экономикасы қарқынды дамыған мемлекеттердің өздері ішкі нарықты қолдау және қорғау саясатын белсенді жүргізіп келеді.

«Халықаралық валюта қоры мұндай қорғау шараларының жартысына жуығы Қытай, Еуропалық одақ және АҚШ экономикаларына тиесілі екенін атап көрсетті. Олар импорттық тауарлардың үлесін төмендете отырып, өз өндірушілерін қолдау шараларын кеңінен қолдануда. Қазақстан да экономиканы нығайтуға, оның ішінде отандық өндірісті қолдай отырып, дамытуға ниетті. Осындай ауқымды міндетті шешу үшін сатып алу рәсімдерін жүргізу кезіндегі талаптарды қатаңдататын заңнамалық нормалар қабылданды. Сатып алу саласын бақылауды одан әрі күшейтуді көздейтін түзетулер Мәжіліске енгізілді. Әрбір жер қойнауын пайдаланушы отандық тауарларды сатып алуға басымдық беретін Елішілік құндылықты дамыту бағдарламасын қабылдайтын болады», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар