Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жер ресурстарын басқару агенттігінің қызметі Елбасы сынынан кейін түзелуге бет бұрмақ

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - Таяуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет мүшелері, әкімдер, орталық мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» ХДП және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшыларының қатысуымен кеңейтілген отырыс өткізді. Міне осы алқалы жиында Елбасы жерді өз мақсатына пайдалану жөнінде шаралар кешенін қабылдау қажеттігін, өйткені, бұл кәсіпкерлікті дамытудың елеулі қосымша мүмкіндігін беретіндігін баса айтқан еді.

Жер ресурстарын басқару агенттігінің қызметі Елбасы сынынан кейін түзелуге бет бұрмақ

Бұл ретте әкімдер тұрғын үй салуға немесе ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге жер телімдерін бөлгенімен, оларды кімдер алып жатқандығын, жер телімдерінің қандай қағидатпен бөлініп жатқандығын қадағаламайтындығына, сондықтан жердің дұрыс пайдаланылмайтындығын атап көрсеткен-ді.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, бүгінгі күні Қазақстанда 7 миллион гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері іске қосылмай отыр. Мұның жартысынан астамы Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарының үлесінде. Осыған орай ҚР Президенті Жер ресурстарын басқару агенттігінің жаңа басшылығына Ауыл шаруашылығы министрлігімен және облыс әкімдерімен бірлесе отырып, аталған мәселені шешу жөнінде тапсырма берген болатын.

Жалпы, Қазақстан көлемі 272,5 млн. гектар жер қорымен аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы орында. Сонымен қатар елімізде 1 тұрғынға 17 гектар, оның ішінде 1,5 гектары егістік алқабы келеді екен. Демек, аталған көрсеткіш бойынша еліміз дүниежүзінде жетекші орында тұр деген сөз. Мәселен, бұл көрсеткіштер Ресейде 11,6 және 0,89, АҚШ-та 3,8 және 0,75, Канадада 37,1 және 1,72, Қытайда 0,8 және 0,08 гектардан келеді. Осындай деректермен қатар Жер ресурстары агенттігінің өткен жылы жіберген қателіктері мен ағымдағы жылы межелеп отырған жоспарлары жайында бүгін аталған агенттіктің алқа мәжілісінде негізгі баяндама жасаған ведомство басшысы Қадырхан Отаров егжей-тегжейлі айтып берді. Баяндамасында Мемлекет басшысының таяудағы агенттік тарабына берген сыны қатаң болғанымен әділ екендігіне баса назар аударған ол: «Өткен жылы толықтай алғанда Жер ресурстарын басқару агенттігі үшін өте қиын болды. Ұтымды шараларды қабылдамаудың, жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда енжарлыққа салынудың нәтжесінде алға қойылған міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізілген жоқ», - деді.

Қ.Отаровтың атап өтуінше, еліміздің жер қорында жердің барлық 7 санаты да бар және олар оның зор әлеуетін көрсетеді. Жер қорының құрылымындағы басым бөлікті ауыл шаруашылығы мақсаттарына арналған жерлер алып отыр. Бүгінде оның көлемі шамамен 94 млн. гектарды құрайды. Елдің ауыл шаруашылығы тауарларындағы экспорттық әлеуеті мен азық-түлік қауіпсіздігі міне осы жерлеріміздің тиімді пайдаланылуына тікелей тәуелді.

Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер аумағын пайдалану серпініне сәйкес ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын реформалау процесінде республика бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі шамамен 136 млн. гектарға қысқарған.  «Бұл фактор толығымен дұрыс әрі өзін-өзі ақтады. Өйткені ел тәуелсіздігін алғанға дейін сортаң және өнімділігі аз жерлерді қоса алғанда өте үлкен аумақ игерілген болатын», - деді ол.

Соңғы 6 жылда ауыл шаруашылығы мақсатына жарамды жерлердің көлемі 11,5 млн. гектарға ұлғайып отыр. Олардың басым бөлігі Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында. Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында да мол пайдалы жер бар. Сонымен қатар кейбір облыстардың жердің жекелеген санаттары бойынша мәліметтерінің сенімділігі күдік тудырады. Мәселен, Жамбыл облысында пайдалы жер мүлдем жоқ болса, егістік алқабының айтарлықтай мол аумағы шоғырланған Қостанай облысында оның көлемі не бәрі 9 мың гектар ғана. Ал Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында бау-бақшаға арналған аумақтар мүлдем жоқ. Агенттіктің ресми мәліметтеріне сенбеу де мүмкін емес, дегенмен сараптама материалдарындағы деректер тіпті бөлек жайттарды алға тартады. Бұл орайда бұндай баланстарды жасауға қаншама уақытты босқа шығындаудың не қажеті болды деген сауалдың туындауы да заңдылық. «Осыған орай 2012-2014 жылдары агенттік ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді толық түгендеуді жүргізетін болады. Оның негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы жерлерінің іс жүзіндегі аумағын жер балансы мәліметтерін ескере отырып салыстыру болмақ», - деді Қ.Отаров.

Агенттік басшысының айтуынша, аталған жұмыстар аясында ауыл шаруашылығы жерлерінің жай-күйі мен пайдаланылуы, олардың сапалық сипаттамасы, пайдаланылмайтын жерлердің болуы, егістік алқабының өнімсіз учаскелерін анықтау сынды мәселелер жан-жақты зерделенбек. Әрине, бұл көп жұмысты қажет ететін ауқымды әрі маңызды жұмыс. Бұған дейін де бірнеше мәрте көтеріліп, бірақ түрлі себептермен, оның ішінде қаржылық қиыншылықтарға да байланысты кейінге шегеріліп келген бұл мәселе алғаш рет қолға алынып отыр. Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен қажетті қаржы да бөлінген. Ендігі кезекте агенттік алдында бұл жұмыстарды сапалы ұйымдастырып, жүргізу міндеті тұр. «Түгендеу қорытындысы заңнамаға сәйкес бекітілуі тиіс әрі олардың нәтижесі бойынша аудандар мен облыстардың жер балансы мәліметтері жаңартылатын болады», - деді ол.

Өкінішке орай шаруашылықтардың басым көпшілігі жерді бөліп алып, рәсімдеуге баса назар аударып, оның жай-күйін, өнімділігін, сапалық сипаттамасын кейінге қалдыратыны қынжылтады. Мәселен, 2011 жылы 8 облыстың аумағындағы шамамен 13 млн. гектар жерге жүргізілген мониторинг Ақмола, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында 2004-2005 жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда қарашіріктің 4-тен 15 пайызға дейін, жиынтық азоттың 4-тен 17 пайызға дейін төмендегені байқалды. Ал, жалпы бүгінде егістіктердің теріс өңделу белгілерінің үлесі 67 пайызды, ал суармалы егістіктерде бұл көрсеткіш 56 пайызды құрап отыр. Бұл  көрсеткіштер топырақтың құнарлығын арттыру барысында ұсыныстар әзірлеу үшін қолданылады. Топырақтағы өзгерістерді дер кезінде анықтау үшін бүгінде республика аумағында 975 мониторингтік бақылау бекеттері жұмыс істеуде. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта республикада 186 млн. гектар аумақтың, яғни ауыл шаруашылығы жерлерінің 86 пайызының топырағына түрлі кезеңдерде жүргізілген зерттеу материалдары, сонымен атар егістік алқаптардың 80 пайызына жүрзілген агрохимиялық зерттеулердің деректері бар. Дегенмен бұл зерттеулердің басым бөлігі 1990 жылға дейін жүргізілген. Осыған орай агенттік алдында жаңа зерттеулер жүргізу міндеті тұр.

Жер ресурастарын басқару агенттігінің барлық өңірлік бөлімшелерінің басшыларымен қатар облыс әкімдерінің бірінші орынбасарлары қатысқан жиын барысында өңірлердегі әкімдіктер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың атап өтуінше, 2012-2014 жылдары аралығында өңірдің ауыл шаруашығына пайдалануға арналған жер көлемін ұлғайту үшін арнайы талдау жүргізілген. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы мамандарының есептеулеріне сәйкес өңірде қосымша 292 мың гектар суармалы жерлерді пайдалануға енгізуге болады. Ол жер асты су қорларын, қосымша арналарды тарту және жер бетіндегі су көздерін пайдаланудың арқасында орын алмақ. Бұл ретте әкімдік ағымдағы жылы 22 мың гектарға жуық жер көлемін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Алқа мәжілісін қорытындылаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметов «Жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жерлерге тексеру жүргізу және жер телімдерін тек инфрақұрылымы болған кезде ғана беру керек. Сонымен қатар жеке азаматтардың тұрғын үй құрылысы үшін тегін жер алу құқығы мәселесін одан әрі сақтауды қарастыру қажет», - деп атап өтті. Бұл ретте ол елді мекендердегі тұрғын үй құрылысына бөлінген жерлерде орын алып отырған ахуалға ерекше назар аударды. Оның атап өтуінше, толық кварталдар салынғанмен олардағы баспаналардың тек 20 пайызында ғана адамдар тұрады. Ал қалған 80 пайызы су, электр энергиясы болмағандықтан пайдаланылмай жатыр. «Егер жер телімін берер болсақ, онда инфрақұрылымымен берейік немесе екі жылдың ішінде жерді игеру туралы мәселені төтесінен қояйық. Қала немесе аудан әкімі осы уақыт аралығында аталған учаскелерді инфрақұрылыммен қамтамасыз етсін. Осы жылдан бастап біз бұл мәселені қатаң бақылауға алатын боламыз», - деп баса айтқан Үкімет басшысының бірінші орынбасары агенттік алдына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу, жеке тұрғын үй құрылысына берліген жерлерге тексеру жүргізу, жерлерді мақсатты пайдалану, пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару сынды мәселелерді шешуге арналған нақты тапсырмаларды жүктеді.