Жер сілкінісі: арнайы комиссия шығынды анықтау жұмыстарын жүргізеді

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жер сілкінісі болған Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарында болып, төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізіп, бүлінген нысандарды аралады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жер сілкінісі: арнайы комиссия шығынды анықтау жұмыстарын жүргізеді
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

— Меркі аудандық орталық ауруханасының, Меркі ауылдық округіндегі «Балдәурен» балабақшасының ғимараттарында және Талдыбұлақ ауылындағы тұрғын үйдің асханасында қабырға жарықшақ анықталды. Тұрар Рысқұлов ауданы Абай ауылындағы тұрғын үйдің, Жаңатұрмыс ауылындағы — 6 баспананың, ауылдық мектептің, Қарақыстақ ауылдық округінің Каменка ауылындағы мәдениет үйінің қабырғаларында жарықшақ пайда болған, — делінген хабарламада. 

Тұрар Рысқұлов ауданында 20-дан астам зақымданған ғимарат тіркелді. Олардың ішінде 10 әлеуметтік нысан бар: 4 мектеп, 3 балабақша, мәдениет үйі, медициналық пункт және спорт кешені, сондай-ақ 11 тұрғын үй.

Құрбандар туралы ақпарат түскен жоқ.

Өңірде жедел желі жұмыс істеп тұр, оған қазірге дейін 12 қоңырау шалынған. Негізінен, тұрғындар қайталама жерасты дүмпулерінің болуы мүмкін бе деген сұрақ қойып жатыр, алайда мамандар қауіптің сейілгенін мәлімдеді.

Жамбыл облысында ғимараттарды тексеру үшін 120 адам мен 73 арнайы техника жұмылдырылды. ТЖМ Ұлттық сейсмологиялық мониторинг ғылыми орталығының өкілдері де кірген комиссия жұмысын жалғастырып жатыр.

— «Меркі ірімшік зауыты» химиялық қауіпті нысанында шамамен 250 кг аммиак сақталған, бірақ ешқандай зақым анықталған жоқ. Зардап шеккен аймақта биологиялық немесе радиациялық қауіпті басқа нысандар жоқ. Барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері, газ тасымалдау инфрақұрылымы және қауіпті өндіріс орындары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жол қатынасы, теміржол желілері, шахталар мен кен орындарында да ешқандай зақым тіркелмеді, — деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдибек.

Арнайы комиссия облыс әкімінің тапсырмасы бойынша келтірілген шығынды анықтау жұмыстарын жүргізеді. Оның құрамына Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының өкілдері кіреді.

— Аудандардағы нысандарды мамандар аралап, ахуалды көзбен көрді. Меркі ауданында айналма жолдарға 55 адам, 33  техника, Тұрар Рысқұлов ауданында 65 адам, 40 техника жұмылдырылды, — делінген хабарламада.

«КАЖсервис» ЖШС облыстық филиалының қызметкерлері (25 адам, 19 техника) Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының (5 көлік айырығы, 2 теміржол өткелі және 3 көпір) жай-күйін тексеріліп жатыр. 45 елді мекен зерттелді. 

Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігімен өзара іс-қимыл кезекші бөлім арқылы ұйымдастырылды.

Шоң-Қақпа және Орто-Тоқай су қоймалары қалыпты жұмыс істеп тұр. 

Айта кетелік Жамбыл облысындағы жер сілкінісіне байланысты жедел штаб жұмыс істеп жатқаны туралы хабарлаған едік

Соңғы жаңалықтар