Жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ету керек

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында зілзала уақытында өмірді сақтап қалуға мүмкіндік беретін іс-қимылдар қандай екенін мәлімдеді.

Кто выплатит компенсацию за разрушенное землетрясением жилье — разъяснение МЧС
Фото: Kazinform/ИИ

Министрлік берген ақпаратқа сай, жер сілкінісі басталғанда, «Баршаның назарына!» бірыңғай дабылы іске қосылады.

– Одан кейін азаматтарға жер сілкінісі және қажетті қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат жеткізіледі. Хабарландыру кешенді түрде, бір уақытта бірнеше арна арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, сиреналық-сөйлеу құрылғылары, Cell Broadcast технологиясы базасындағы Mass Alert жүйесі, теле-радио, объектілік құлақтандыру жүйелері және мобильді ақпараттандыру кешендері арқылы мәлімет беріледі, – делінген ресми жауапта.

Сонымен бірге, министрлік сейсмикалық қауіп төнуі мүмкін өңірлерде Cell Broadcast технологиясы негізіндегі Mass Alert шұғыл мобильді құлақтандыру жүйесі дамып жатқанын атап өтті. Оның кәдімгі SMS-хабарламадан артықшылығы бар. Mass Alert жүйесі ұялы байланыс операторына және интернет желісіне қолжетімділік болмаса да, белгілі бір географиялық аймақтағы тұрғындардың мобильді құрылғыларына 1 минут ішінде бір мезгілде шұғыл хабарлама жіберуге мүмкіндік береді.

– Бүгінде Mass Alert жүйесі Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда және Түркістан облыстарында іске қосылған. Құлақтандыру зілзала туралы деректер алынғаннан кейін дереу іске қосылады, – делінген хабарламада.

Дегенмен егер адам жер сілкінісін сезсе, құлақтандыру дабылын күтпей, дереу қауіпсіздік шараларын қабылдағаны жөн. Абдырамай, сабыр сақтау өте маңызды. Терезелерден, әйнектерден және құлап кетуі мүмкін ауыр заттардан алыс тұруы қажет. Қауіпсіз орынға, мысалы берік үстелдің астына жасырынып, не болмаса, ғимараттың бұрышына тұрып, басты қорғау керек.

Одан бөлек, көпқабатты нысандарда жеделсаты немесе баспалдақты пайдалануға, қатты дүмпулер кезінде ғимараттан сыртқа жүгіруге, терезеден немесе балконнан секіруге болмайды.

Егер зілзала кезінде адам көшеде болса, бірқатар сақтық шарасын ескергені абзал. Нақтырақ айтқанда, ғимараттардан, қасбеттерден, бағандардан, жарнамалық конструкциялардан және құлап кетуі мүмкін басқа да объектілерден алыс, ашық жерге баруы қажет.

– Дүрбелеңге бой алдыру және қатты дүмпулер кезінде ғимараттан дереу шығуға әрекет жасау – ең қауіпті жағдайлардың бірі. Дүмпулер тоқтағаннан кейін ахуалды бағалап, қажет болған жағдайда эвакуациялану керек. Қауіпсіз ашық жерге шығып, ғимараттардан және басқа да ықтимал қауіпті объектілерден алыс тұрып, қайталама дүмпулерге дайын болған жөн. Мүмкіндігінше газды, электр қуатын және суды өшіріп, зардап шеккендерге көмек көрсету және құтқару қызметтерінің нұсқауларын орындау қажет. Зақымданған ғимараттарға қайта кіруге және опырылу қаупі бар ғимараттарға, құрылыстарға және басқа да объектілерге жақындауға болмайды. Үзілген электр сымдарына жақындауға тыйым салынады. Газ таралуы жайлы күдік болған жағдайда, от жағуға болмайды, – деп мәлімдеді ТЖМ.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың Сычуань провинциясында магнитудасы 4,7 жер сілкінісі тіркелгенін жазғанбыз.

Сонымен қатар, Жапония жағалауында магнитудасы 5,9 болатын жер сілкінісі болды.