Жер сілкінісі жиілеген Атырау облысына сейсмологиялық карта қажет пе

АТЫРАУ. KAZINFORM — Биыл Атырау облысының аумағында екі рет жерасты дүмпуі тіркелді. Оның екеуі де Жылыой ауданының аумағында болған.

Атырау «Таза қала» жобасында
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Бұл жайт Атырау облысын сейсмологиялық қауіпті аймаққа жатқызуға себеп бола ма? Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің пікірінше, мұнайлы өңір сейсмолоиялық қауіпті аймаққа жатпайды.

— Бірақ қауіпті нүктелерді анықтау үшін сейсмологиялық карта қажет. Облыс әкімі сейсмологиялық картаны, эвакуация пунктерін дайындау жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Карта әзірленген соң сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін дайындық жұмыстары жүргізіледі. Тұрғындарға мұндай пунктердің мекенжайы хабарланады. Өйткені өңір тұрғындары хабарландыруды дер кезінде алуы керек, — деп есептейді Жасұлан Бисембиев.

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, бұл өңірде жер сілкінісінің түп тамыры ХХ ғасырдан бастау алады. 

— Қазақстан аумағында сейсмологиялық бақылау жүргізілген кезеңдегі деректерге сүйенсек, ХХ ғасырда Атырау облысында магнитудасы 2 балдан жоғары жер сілкіністері тіркелген. Мәселен, 1970 жылғы жер сілкінісінің магнитудасы — 3,9 балл. Ал, 1974 жылы — 3,1 және 4,1, 1976 жылы — 4, 1998 жылы — 3 балдық жер сілкінісі болған, — деп ақпарат ұсынды баспасөз қызметі. 

Мұнайлы өңірдегі жер сілкінісі ХХІ ғасырда да тіркеліп отыр. Мәселен, 2005 жылы 2,1, 2011 жылы 2,8 балл жерасты дүмпуі болғаны анықталған.

Мұндай дүмпу 2013 жылы екі рет қайталанған. Алғашқысының магнитудасы — 2,1, екіншісі — 2,3. 

— Мұның бәрі — әлсіз жер сілкінісі. Атырау облысының аумағында күшті жер сілкіністерінің болғаны туралы мәлімет жоқ, — деп нақтылады баспасөз қызметі.

ХХІ ғасырдағы жер сілкінісінің алғашқысы 2000 жылғы желтоқсанда тіркелгеніне куә болғанбыз. Дәл осы жерасты дүмпуі Атырау қаласында сезілген.

Бұл жайлы Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінде көрсетілген.

— Атырау облысы Каспий ойпатының оңтүстігінде орналасқан. Солтүстік және шығыс Каспий аймағының платформалары дәстүрлі түрде геодинамикалық тұрғыдан әлсіз белсенді саналады. Алайда, соңғы 20 жыл ішінде бұл көзқарас айтарлықтай өзгерді. Өйткені, жер сілкіністерінің пайда болуына дейін жаңа және заманауи тектоникалық қозғалыстың көрініс беруі туралы көптеген факті анықталды. Мәселен, Атырау қаласында 2000 жылғы 6 желтоқсанда және 2011 жылғы 21 ақпанда Жылыой ауданындағы Теңіз мұнай-газ кен орнында жер сілкінісінің әсері сезілді, — делінген департаменттің мәліметінде. 

Атырау облысының әкімдігі 2001 жылы сейсмикалық аймақтарға бөлу картасын жасауға 10 млн теңге қаржы бөлген.

Сол кезде бұл картаны Білім және ғылым министрлігінің Сейсмология институты дайындаған. 

— Аталған карта 50 жыл ішінде 90, 95 және 99% сейсмикалық қарқыннан асып кетпеу ықтималдығымен құрастырылған. Сол картада ықтимал жер сілкінісінің магнитудасы Атырау қаласында 5, аудандарда 6 балл көрсеткішімен анықталған. Бұл карта Құрылыс комитетінің 2002 жылғы 20 наурыздағы № 66 бұйрығына сәйкес Атырау облысының аумағына қолданылып келеді, — делінген департаменттің дерегінде.

Сейсмология институтының 2017 жылғы 6 қаңтардағы мәліметіне қарағанда, 2016 жылы Атырау облысында 17 мәрте жер сілкінісі тіркелген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС-нің мәліметін қоса ұсынды.

Соған сүйенсек, 2024 жылғы 8 тамызда сейсмикалық стансалар желісі Атырау облысының аумағында жер сілкінісін тіркеген. Энергетикалық класы 7.8, магнитудасы — 3.9, тереңдігі — 5 км.

Ал, 2025 жылдың 2 ақпанында болған зілзаланың энергетикалық класы — 9.5, магнитудасы — 4.7, тереңдігі 10 км.

Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының ақпаратына сүйенсек, сейсмикалық зерттеу үш кезеңмен жүргізіледі.

Бірінші кезең — палеожерсілкінісін зерттеу. Екінші кезеңде тарихи жер сілкіністері зерттеледі. Ал, үшіншісінде аспап арқылы тіркелген дүмпулер талданады. 

— Атырау аймағында адам өміріне қауіп төндіретін ірі жер сілкінісінің болмауына байланысты арнайы палеосейсмологиялық зерттеу жүргізілмеді. Аталмыш зерттеуді жүргізу көлемді қаржы мен уақытты талап етеді. Ал аспап арқылы тіркелетін жер сілкіністеріне келетін болсақ, сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының арнайы сейсмологиялық бақылау стансалары еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Атырау облысында бір ғана стансаның болуына байланысты жер сілкінісі көршілес елдердің және Қазақ ұлттық деректер орталығының мәліметтеріне сүйеніп, талдау жасалады. Бұл әрине аймақтың сейсмикалық жағдайын сипаттауға аздық етеді, — делінген аталған серіктестіктің ақпаратында.

Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің тапсырмасымен 2024-2026 жылдарға арналған мақсатты қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 

— Бағдарлама аясында ірі қалалар мен облыстардың аумағында сейсмикалық қауіпсіздікті жаңа әдістемемен бағалау жүргізіледі. «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС 2024-2026 жылдары Түркістан, Маңғыстау облыстары бойынша детальдық сейсмикалық аудандастыру және Тараз қаласының сейсмикалық микроаудандау картасын әзірлеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Атырау аймағы бойынша жұмыстар осы жобадан соң жаңа мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында қарастырылады, — деп нақтылады баспаөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Құлсарыдан 120 шақырым қашықтықта жер сілкінгенін хабарлаған болатынбыз. 

Кейін Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында да зілзала болды.

Соңғы жаңалықтар