Жер сілкінісінен қорғану: Алматы LED-экрандарында арнайы бейнероликтер көрсетіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда халықты жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға үйретуге бағытталған 7 бейнероликтен тұратын топтама әзірленіп жатыр.

жер сілкінісіне әзірлік
Коллаж: Kazinform

Бұл туралы агенттік сауалына жауап берген Алматы қаласының Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы хабарлады.

— Бейнероликтерді осы жылдың қарашасынан бастап телеарналарда, кинотеатрларда, LED-экрандарда, қоғамдық орындарда (сауда орталықтары, бизнес-орталықтар, метро, әлеуметтік нысандар) және әлеуметтік желілерде көрсету жоспарланып отыр, — деп хабарлады басқармадан.

Сондай-ақ ведомство мәліметінше, төтенше жағдайларға дайындықты арттыру мақсатында жыл басынан бастап 200-ден астам ерікті оқытылған. Олар қала халқын төтенше жағдайлар кезінде өзін-өзі құтқару және өзгелерді құтқару дағдыларына үйретеді.

— Жыл соңына дейін 1000-нан астам ұйымды қамтып, олардың жауапты қызметкерлерін (мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдарының оқушылары, ірі сауда орталықтарының қызметкерлері, пәтер иелерінің бірлестігі) оқыту жоспарланып отыр. Қыркүйек-қазан айларында еріктілер білім беру ұйымдарында сейсмикалық қауіпсіздік сабақтарын бастап кетті, барлығы 400 нысан қамтылатын болады, — делінген басқарма жауабында.

Еске салайық, бұған дейін Алматы мектептерінде сейсмикалық қауіпсіздік жөнінде сабақ өткізілуі мүмкін екенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар