Жер сілкінісінен, су тасқынынан және өрттен тұрғын үйді міндетті сақтандыру енгізіледі — заң жобасы
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Сақтандыру нарығы туралы» және «Сақтандыру нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың жобаларын әзірледі.
Аталған ведомство мәліметінше, заң жобалары Мемлекет басшысының 2026 жылғы 10 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді және сақтандыру секторының тұрақтылығын қамтамасыз ететін, бәсекелестікті дамытатын, сақтандыру қызметтерін цифрландыруды және тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруды көздейтін заманауи әрі икемді құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.
«Сақтандыру нарығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы 13 бөлімнен, 39 тараудан және 255 баптан тұрады.
Заң жобасының негізгі бағыттарының бірі сақтандыру қорғалымының икемді нарықтық талаптары бар міндетті сақтандырудың бірыңғай моделін қалыптастыру болып табылады. Міндетті сақтандыру сыныптарының бірыңғай тізбесі (қолданыстағы 8 міндетті сынып және жүктелген сақтандырудың 10 түрі) бірыңғай реттеу қағидаттарымен көзделетін болады. Заң деңгейінде сақтандыру қорғалымының негізгі қағидалары мен кепілдіктері айқындалатын болады, ал экономикалық жағдайларға және тәуекелдердің өзгеруіне байланысты неғұрлым икемді параметрлер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер және сақтандыру шарттарының талаптары деңгейінде реттелетін болады.
Міндетті сақтандыру сыныптарының тізбесі жер сілкіністерінен, су тасқындарынан (су басулардан) және табиғи сипаттағы орман өрттерінен тұрғын үйді міндетті сақтандырумен толықтырылады.
Ерікті сақтандыруды дамыту инвестициялармен байланысты (unit-linked) және кепілдендірілген төлемдерді инвестициялық кіріс алу мүмкіндігімен ұштастыратын гибридтік аннуитеттер сияқты зейнетақы аннуитеттерінің жаңа түрлерін енгізу арқылы жоспарланған.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) саласындағы жиынтық активтердің көлеміне және қызмет тәжірибесіне қойылатын талаптарды жеңілдету арқылы шетелдік сақтандырушылардың филиалдары үшін лицензиялық рәсімдерді ырықтандыру ұсынылады.
Жаңа ұйымдар құру арқылы сақтандыру нарығының инфрақұрылымы жетілдірілетін болады. Атап айтқанда:
— тәуекелдер мен ұзақ мерзімді міндеттемелерді бағалаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру және міндетті сақтандыру сыныптары бойынша тарифтерді есептеуге және қайта қарауға қатысу үшін Орталық актуарийді құру;
— саланың кәсіби стандарттарын арттыру және мамандарды тәуелсіз сертификаттау институтын құру мақсатында «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ-ның (СТКБҚ) еншілес ұйымы базасында Сақтандыру құзыреттерін дамыту орталығын құру;
— сақтандыру ұйымдары қызметінің бірыңғай кәсіби және этикалық стандарттарын қалыптастыруға және енгізуге, сақтандыру қызметтерінің сапасын арттыруға және салаға деген сенімді нығайтуға бағытталған өзін-өзі реттеу институтын дамыту.
Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін дамыту және СТКБҚ-ға таратылатын сақтандырушылардың міндеттемелерін реттеу саласында қосымша өкілеттіктер беру көзделеді.
Жаппай ерікті сақтандыру өнімдері үшін электрондық шартты негізгі формат ретінде белгілеу, міндетті сақтандыру шарттарын Бірыңғай сақтандыру деректер базасында бірегейлендіру, сондай-ақ сақтандыру маркетплейстеріне кіру тәртібін жеңілдету және олардың қызметіне қойылатын базалық талаптарды белгілеу арқылы сақтандыру қызметтерін цифрландыру жүргізілетін болады.
Сақтандыру агенттері мен брокерлерінің функцияларын нақты ажырату, сақтандыру төлемдерін алу кезінде делдалдардың қызметін реттеу және олардың клиенттермен өзара іс-қимылының ашықтығын арттыру арқылы сату арналары дамытылатын болады.
Ілеспе заң жобасы Қазақстан Республикасының 11 кодексіне және 36 заңына өзгерістер енгізуді көздейді.
Ұсынылған бастамаларды іске асыру сақтандыру секторын өзгермелі экономикалық жағдайларға бейімдеуге, мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға және оның орнықты ұзақ мерзімді дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Заң жобасы 7 қазанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.
Айта кетелік баспананы тасқын мен өрттен міндетті сақтандырудың алғашқы шарттары белгілі болған еді.