Жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру аграрлық сектор үшін аса қажет
АНА. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елбасы былтыр Парламенттің сессиясын ашқан кезде еліміздегі шаруа қожалықтарының қызметін жетілдіруге назар аударып, осы мақсаттағы заң жобасын тездетіп қабылдау туралы депутаттық корпустың алдына үлкен міндет жүктеген еді.
Бұл ретте Мемлекет басшысы: «Экономикалық басымдықтардың бірі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуымен байланысты. Сондықтан да, шаруа қожалықтарын және фермерлік шаруашылықтар қызметін жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасы Парламентке ұсынылды, оны уақыт созбай қабылдау қажет», - деген болатын.
Расында, соңғы жылдары ауыл шаруашылығында қызмет ететін шаруа қожалықтарына қатысты заңнама деңгейінде реттеуді қажет ететін мәселелер айқын сезілген болатын. Бұл ретте ең алдымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы нысандар орналасқан жер учаскесінің құнына қатысты көптеген қайшылықтар байқалуда. Мәселен, 2006 жылғы Жер кодексіне енгізілген өзгерістерден кейін шаруа қожалықтарының жерді сатып алуы мүлдем қиындап кеткен болатын. Бұндағы кереғарлықтың басты себебі - жергілікті атқарушы органдар заңда көрсетілген норманы мүлдем басқаша талдап, соның салдарынан ауыл шаруашылығына қажетті жерлерді сату барысында оның базалық құны 8-10 есеге дейін артып кеткен екен. Бұдан бөлек, шаруа қожалықтарына ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану үшін жер телімдерін беру рәсімдерін оңайлату, азаматтардың аталған мақсаттарда жер алуға деген қызығушылығын арттыру шаралары, сондай-ақ жер теліміне тиісті құқық алу үшін берілетін құжаттар тізбесін қысқарту секілді мәселелер де көптен бері аграрлық сектор кәсіпкерлерінің көтеріп жүрген орынды ұсыныстары болатын. Осындай олқылықтарды жойып, Елбасы тапсырған міндетті шешу үшін Үкімет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шаруа қожалықтарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліске ұсынған еді. Депутаттар аталмыш құжатты осы аптадағы палата отырысында бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында жерді жалға беру кезінде оны тиімді пайдалану үшін қаржы салуды ынталандыруға қатысты нормалар көрініс тауыпты.
Алайда, бірінші оқылымда талқыланған жобаны Мәжіліс депутаттары толық қолдағанымен, аталған салада әлі де шешімін табуы тиіс өзекті мәселелердің жеткілікті екендігі байқалды.
«Заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселелері көрініс таппай қалған. Бүгінгі күні аграрлық секторда дәл осы проблема өзекті болып отырғаны жасырын емес. Көптеген шаруалар әртүрлі себептерді алға тартып ұзақмерзімге жалға алған жерлеріне бей-жай қарайды, тіпті қаржылық қолдау болмағандықтан оны өңдеуді жүзеге асыра алмай келеді. Ал жергілікті органдарда пайдасыз жатып, тоза бастаған бұндай жер учаскелерін перспективалы тауар өндірушілерге беру тетігі мүлдем қарастырылмаған. Соның салдарынан тәп-тәуір жерлеріміз түкке жарамсыз боп, арамшөп басып құры жатыр. Заң жобасында осы мәселе көрсетілуі шарт еді», - дейді депутат Бауыржан Смайлов.
Депутаттың келтірген мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы барлық жерлердің 20 пайызы тиімсіз пайдаланылады екен. Ендеше, бұл шынымен де аграрлық саланың дамуын тежейтін кері көрсеткіштердің бірі болып отыр. «Осыған орай, жергілікті билікте бұндай проблемаларды сол жергілікті орындарда-ақ шешу үшін қажетті нормамен қамтылған тетіктері болуы керек. Ол үшін де осы заң жобасы шеңберінде Жер кодексіне өзгерістер енгізу қажет етіледі», - дейді Б. Смайлов.
Ал аграрлық сектордың дамуына алаңдаған тағы бір депутат Алдан Смайыл ауыл шаруашылығы саласындағы корпорацияларға қомақты қаражат бөлінгенімен, мәселелердің әлі де қордаланған күйінде қалып отырғанын айтады. «Қазіргі таңда еліміздегі малдың көпшілігі жекеменшік, ұсақ шаруашылықтардың қолында. Солай бола тұра, бұларға назар аударылмай жүр. Заң жобасында да бұл мәселе қалыс қалған. Жалпы осындай шаруашылықтың алдында тұрған екі үлкен қиындық бар. Оның бірі - жем-шөп базасын дайындау. Өйткені, қазірдің өзінде ұлан-байтақ жеріміздегі қалың шалғындар құрып барады. Соның һәм биылғы құрғақшылықтың салдарынан ағымдағы жылы 1 тонна шөп бағасы кейбір жерлерде 50 мың теңгеге дейін артты. Бұл - бір сиырдың құны. Осы тұрғыдан алғанда шаруа қожалықтарына жем-шөп дайындау базасын құратын уақыт жеткен тәрізді», - дейді депутат.
Бұл ретте А. Смайыл мал шаруашылығындағы жем-шөп базасы туралы жеке бағдарлама әзірлеу керектігін алға тартады. Ал жем-шөп қоры ілгері баспай, ендігі күні мал басын арттыру шарасы үлкен кедергілерге тап болуы әбден мүмкін. «Екінші мәселе, ауылда мал жоқ емес, бар. Кейбір шаруа қожалықтарында екі мың жылқы, үш мың қойға дейін барады. Алайда, малды қып-қызыл бейнетпен өсіргенімен, оның қызығын көре алмай жатқандар да баршылық. Өткізейін десе, өз бетімен қалаға жеткізу қиын. Қалаға жеткенше алдан шығатын бірқатар кедергілерді де білеміз. Сондықтан да, шаруалар мал құнын төмендетіп, арзан бағамен делдалдарға сатып отыруға мәжбүр. Бұдан бөлек, жазда Жаңарқа ауданының біраз жерлерін араладым. Нағыз шүйгінді, бұлақты жерлер осы арада еді. Міне сол жерлердің бәрі жекеменшікке өтіп кеткен. Оның иесінің кім екенін ауыл адамдары мүлдем білмейді. Бірақ әлгі жер иесі мал түгілі адам кірместей етіп, бәрін қоршап тастаған. Осылайша, нағыз мал үшін игерілетін, пайдаланылатын жерлер бос жатыр. Бұл мал шаруашылығын дамыту үшін ең құнарлы жерлер еді. Ендеше әлгі жағдайдың барлығын тексеріп, ары қарай игерілмей құры жататын болса, ондай жерлерді мал шаруашылығы қожалықтарына беру қажет деп білемін», - деді А. Смайыл.
Заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылған болатын. Сондықтан да, шаруа қожалықтарының қызметін жандандыру, жер телімдерін тиімді пайдалану мәселелері әлі де заңнамалық деңгейде жетіле түсетіні анық.