Жергілікті өкілді органдардың міндет ауқымы кеңейетін болады - Мәлік Құлшар

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыздың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуіне сәйкес қолға алынғалы отырған саяси реформалар барысында жергілікті өкілді органдардың да міндет ауқымы кеңейетін болады. 

Жергілікті өкілді органдардың міндет ауқымы кеңейетін болады - Мәлік Құлшар

Бұл туралы БҚО мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, енді Президенттің қырық өкілеттігін Парламент пен Үкіметке беру көзделуде. Үкімет басшысын Елбасы бұрынғыдай Парламентпен келісе отырып, өзі тағайындайды. Жаңа тәртіп бойынша Үкімет енді мемлекеттік бағдарламаларды өзі бекітетін болады. Мемлекеттік бағдарламаның түрі көп, оны бақылап отырмаса тағы болмайды. Бақылауды күшейту үшін Елбасы бұл өкілеттікті Парламентке беруді ұйғарды. Болашақта Парламент тек Үкіметтің басшысын ғана емес, сонымен қатар әр министрдің өз саласы бойынша жүзеге асырылуы тиіс мемлекеттік бағдарламасы жөніндегі есебін тыңдай алады. Егер Парламент министрлердің жұмысына қанағаттанбаса, онда бұрынғыдай Президентке шықпай-ақ, министрді  жұмыстан босату жөнінде өздері шешім қабылдайды. Парламент бұрынғыдай Үкімет жұмысына бақылау орнатады. Бұрын Үкімет Парламент алдында жылына бір рет есеп берген болса, енді Парламент Үкіметті кез келген уақытта  шақырып алып, есеп бергізе алады. Бұл алдағы уақытта облыстық және аудандық деңгейде жалғаса бермек. Ал облыс әкімін  Президент облыс мәслихатының депутаттарымен келісе отырып, тағайындайды. Қала, аудан және ауыл әкімдерін сайлау немесе тағайындау деген функция бұрынғыша қалады, оған Президент араласпайды. Қазірдің өзінде ауыл әкімдері сайланады. 2013 жылдан бастап аудан әкімі сол ауылға барып, ауылдағы қоғамдық ұйымдармен, ақсақал, ардагерлермен кездеседі, олар ауыл әкімдігіне 2-3 үміткерін ұсынады. Сосын бұл мәселені аудандық мәслихаттың сессиясына салып, олардың біреуін сайлайды. Болашақта бұл жағдай аудандық деңгейге қолданылуы мүмкін. Қалаға да келуі ғажап емес. Мүмкін деуімнің себебі бұл жағдайлар жөнінде заңға енгізілмей,  нақты  айтуға  болмайды.

«Тағы бір айта кететін жайт, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың міндеттері ұлғайтылмақ. 2018 жылдан бастап екі мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың өз бюджеті болады. Қазіргі уақытта ауылдарға бюджетті аудан бөліп отыр. Аудан белгілі бір ауылға қаражат бөлсе, сол ауылда жол салынады немесе мектеп жөнделеді, бюджет бөлінбесе, ол ауылда ештеңе де жасалмайды. Енді жаңа заң бойынша екі мыңнан астам халқы бар ауылдарға жыл басында ақша бөлініп, ауыл әкімі оны қайда жұмсауды ауыл тұрғындарымен келісіп, шешеді. Халық нені шұғыл керек деп есептесе, соған дауыс беріп, бөлінген қаражатты соған жұмсайды. Бір сөзбен айтқанда, алдағы уақытта олар бұрынғыдай өзінен жоғары тұрған органдардың шешімін күтіп отырмайды.  Бұл жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқаруды дамыта отырып, халықты мемлекеттік басқару процесіне тарту үшін қажет. 2020 жылдан бастап бюджет барлық елді мекендерге  бөліне бастайды. Сөйтіп,  жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жөніндегі заңға осы реформа деңгейінде өзгерістер енгізіле ме деп күтіп отырмыз. Осыған орай ауылдық жерлерде қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың дамуына мүмкіндік бере ме деп ойлаймыз, өйткені халықпен жұмыс жасайтын, оларға мән-жайды түсіндіретін бір ұйым керек болады ғой. Қазіргі таңда ауылда шаруа қожалықтары бытыраңқы күй кешуде. Соңғы кездері оларды біріктіріп, кооператив құру бағытындағы жұмыстар қолға алынуда. Әркім өзімен-өзі жүргеннен пайда жоқ, өйткені Үкімет жекедара жүргендерге қаражат бөле алмайды. Сондықтан бытырап жүрген шаруа қожалықтарына үлкен бір құрылымға бірігу тиімді, сонда ғана олар ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды сатып алуға немесе оларды жөндеуге Үкімет тарапынан қаражат ала алады. Біз екі-үш күннен бері аудан әкімдерінің тұрғындармен есептік кездесулеріне қатысып келдік. Онда да саяси реформаға байланысты ұсыныс-пікірлер айтылуда. Осының бәрін ескеріп, халықпен кеңесе отырып, түпкілікті шешім қабылданады деп ойлаймыз», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Мәлік Құлшар.