16:39, 09 Шілде 2010 | GMT +5
Жергілікті сот органдарында әкімшілік және азаматтық істерді талдау жұмыстары талапқа сай емес - Жоғарғы соттың жалпы отырысы
АСТАНА. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жергілікті жерлердегі соттарда әкімшілік және азаматтық істер бойынша талдау, сараптау жұмыстары талапқа сай жүргізілмей отыр. Бұл туралы бүгін еліміздің сот жүйесінің жарты жылдық қорытындысына арналған Жоғарғы сот судьяларының жалпы отырысында Жоғарғы сот судьясы Алмаз Тәшенова мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, облыстық соттарда сот органдарының қызметін бағалауға бағытталған жедел және жалпы отырыстар жиі өткізіліп отырады. «Бұл әрине қажет дүние. Соған қарамастан, аймақта көптеген шешімін күткен мәселелер бар. Оның біріншісі сот актілерінің орындалмайтындығымен байланысты. Ондаған азаматтық істер бойынша сот отырыстары осы процеске қатысушы тараптардың уақытында хабарландырылмауына байланысты өтпей қалып жатады. Осының барлығын аймақтың өзінде шешуге болады. Оларды Жоғарғы соттың деңгейінде шешудің қажет жоқ. Бұл жергілікті жерлердегі соттардың құзырындағы мәселелер», деді судья.