Жерорта теңізін кесіп өтпек болған 11 заңсыз мигрант қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Мальта жағалауында заңсыз мигранттарды тасымалдаған қайық аударылып, 11 адам қаза тапты. Суға кеткен адамдарды түрік балықшылары құтқарып қалды, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.

о
Фото: Анадолу

Қайғылы оқиға Ливия, Тунис, Мальта және Италия арасындағы заңсыз көші-қон бағыттарының бірінде, Жерорта теңізінің орталық бөлігінде болған.

Италияның жағалау күзеті қызметіне сілтеме жасаған жергілікті БАҚ мәліметінше, бортында 60-тан астам заңсыз мигрант болған қайық Мальтаның оңтүстік-шығысынан шамамен 45-50 теңіз милі қашықтықта аударылған.

Теңізге құлаған адамдарға жақын маңда жүрген балық аулау кемесі көмекке келген.

Мальтаның ішкі істер және қауіпсіздік министрі Гленн Бедингфилд X әлеуметтік желісінде Мальтадан шығысқа қарай шамамен 50 теңіз милі жерде 53 заңсыз мигранттың құтқарылғанын, сондай-ақ 11 адамның мәйіті табылғанын хабарлады.

– Мұндай қайғылы оқиғалардың қайталанбауы үшін адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтарға қарсы Еуропа деңгейінде батыл шаралар қабылданып, Жерорта теңізі өңіріндегі көші-қон мәселелеріне қатысты үйлестірілген саясат қажет, – деді Гленн Бедингфилд.

Оқиға кезінде ерекше рөл атқарған түрік балықшылары кемінде 48 адамның өмірін сақтап қалған. Олар дер кезінде көмек көрсетіп, құрбандар санының артуына жол бермеген.

Айта кетейік, Филиппиндегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 32 адамға жетті.