Жерұйық іздегендерді елге шақырды - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 22 мамыр, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Жерұйық іздегендерді елге шақырды - баспасөзге шолу

***

"Айқын" газетінің бүгінгі санында Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасындағы сапары егжей-тегжейлі жазылған. Басылымның атап өтуінше, Қазақстан Президенті өз сөзінде АӨСШК идеясын БҰҰ Бас ассамблеясының 47-сессиясында жариялаған сәттен бері биыл 22 жыл және оның іс жүзіндегі қызметі басталғанына 12 жыл толатынын атап өтті. Сондай-ақ ол елеулі жұмыстар атқарған Түркия тарапының Кеңестегі төрағалық еткені үшін алғысын білдірді.

- Биылғы Саммиттің тарихтағы ең салиқалы жиын болуының символдық мәні бар. Ол 26 мүше-мемлекеттің, 7 байқаушы мемлекеттің, 4 халықаралық ұйымның, сондай-ақ Форум қонақтарының басын қосты. Бүгін Катар және Бангладеш АӨСШК-нің толыққанды мүшелігіне өтті. Олардың қосылуы Форумымыздың шекарасы мен географиясын айтарлықтай кеңейтті. Болашақта оған біздің құрлықтың өзге мемлекеттері де қосылады деп ойлаймыз, - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Азия халыққа мейірімділік пен бірлік құндылығын сіңіретін барлық дәстүрлі діндердің бесігі екенін атап өтті. Сонымен бірге Азия өңірі ядролық қаруы бар және өз әскери әлеуетін белсене артырып отырған мемлекеттер мейлінше көп шоғырланған аймақ болып саналады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей ядролық полигонын жапқанын, қазіргі кезде ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалысқа белсене атсалысып отырғанын еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев АӨСШК базасында Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйым (АҚДҰ) құру қажеттігіне сенімді екенін білдірді.

- Ол ЕҚЫҰ-ға сындарлы бәсекелес болуы тиіс. Өзара ынтымақтастық пен өзара түсіністік болмайынша, Шығыс дәстүрлері мен құндылықтарын ескермейінше, Батыс Шығыстан тысқары, орнықты дами алмайды, - деді Мемлекет басшысы. Мақала " Қ азақстан П резиденті А зия қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйымын құруды ұсынды" деген тақырыппен берілген.

Сонымен қатар, "Ақынның" бүгінгі санында Астанада кеше басталған VII Астана экономикалық форумының алғашқы күні туралы толық мәліметтер берілген.

Басылымның жазуынша, 2008 жылдан бастап, дүниенің шартарабындағы мемлекеттердің басшылық өкілдерінің, әлемдегі белді ұйымдар мен беделді компаниялар жетекшілерінің, бизнес пен экономика саласындағы ақылмандар мен данагөйлердің басын қосып келе жатқан АЭФ бүгінде жаһандағы ірі халықаралық форумға айналды. Бір қызығы, АЭФ өтетін күндері Ресейде «Петерборлық экономикалық форум» да жүретін болады. Бұл ретте сарапшылар әлемдік лидерлерді жинауда АЭФ-тің алға озғанын айтады. Санкциялардан үріккен жаһандық алпауыт компания басшылары Петерборға барудан бас тартыпты.

Астана экономикалық форумының басты іс-шаралары ертең жұма күні болады.

Жиынға қатысқан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қазіргідей алмағайып заманда «жерұйық» іздеген әлемдегі барлық инвесторларды Қазақстанға шақырды. Өйткені еліміз бизнес жүргізу үшін ең қолайлы жағдайлар жасауда. «Қазақстан бизнесті корпоративтік табыс салығынан 10 жылға босатады» деген ақпар жақында тіпті шетелдік ақпарат құралдарында да жарияланды.

- Соңғы айларда Үкімет инвестиция тарту бойынша жаңа кешенді бағдарламаны әзірледі, - деді Премьер. - Ал заңнамасы таяу уақытта Парламентке енгізіледі. Ондағы шаралар инвестициялық климатты жақсартуға, бизнеске түсетін әкімшіліктік ауыртпалықты азайтуға, сондай-ақ ынталандырулар, салықтық тұрақтылық, жаңа гранттар және қолдау тетіктерін ұсынуға бағытталған. мақала « Жерұйық іздегендерді елге шақырды» деген тақырыппен жарық көрген.

***

Кейде елге, қоғамға белгілі бір салада еңбегі сіңген елеулі бір азаматты «қайталанбас тұлға» деп үзілді-кесілді үкімдей етіп атайтынымыз бар. Ал уақыт, келе-келе әлгі берілген бағаның бояуын оңдырып, мәйегін солдырып тастайды. Бұл жиілеу кездесетін жағдай. Сирек ұшырасатыны - бір шын мәніндегі ерек, ересен тұлғаны қайталай алмай уақытыңыздың, замандарыңыздың өзі әлекке түседі. Тарих анасы - мезгілді солай «әлекке салып» қойғандардың бірі әрі бірегейі, менің пайымымда, Балуан Шолақ - Нұрмағамбет Баймырзаұлы. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы " Балуан Шолақ" атты мақаласында жазды. Мақала авторы Арғынбай Бекбосынның атап өтуінше, Қазақ халқының арғы-бергі өмір-болмысындағы ең жарқын тұлғалардың бірі, атының өзі-ақ жасығанды жігерлендіретін, тасығанды тәубесіне келтіретін қаһарман серінің мына дүниеге келгеніне 150 жыл, ана дүниеге кеткеніне 95 жыл толып отырса да ол қайталанған жоқ. Сан қырының бірі біреуде кездескенімен өзгесі табылмайтын нағыз біртуар тұлға! Тағдыр-талайына жазылған бірде кесек, бірде нәзік шынайы сезімнен өлең өретін аңқылдаған ақын, өлеңіне тек өзіне ғана тән дыбыстық бояуының мейлінше қанықтығымен ерекшеленетін ән шығаратын ғажайып сазгер, Көкшетау, Хантау, Алатау, Қаратаудан ән асырған әнші, ат ойындарының асқан шебері, құралайды көзге атқан мерген, қыран баптап құс салған әйгілі саятшы, көргеннің көзі тояр көрікті, жауырыны жерге тиіп көрмеген теңдессіз балуан, ертектегі тау көтерген Толағайдай алапат күш пен фәниге келіп, бақиға озғанша халқым, қазағым деп соққан ұлы жүрек иесі. Осынау жауһардай жарқыраған асыл қасиеттерінің бәрі емес, бірі ғана біреудің басына қонса, сөз жоқ, дабысының даңғайыр боларына соның өзі-ақ жетер еді. Ал рахымы мол Аллатағала бұдан аттай 150 жыл бұрын Көкше өңіріндегі Бұланды орманының бір пұшпағы - Тастыөзектегі Үйсін ауылында ағаштан түйін түйетін шебер Баймырза Жарықшақұлы мен оның құдай қосқан қосағы Қалампыр Жетпісқызына өсе келе әлгіндей қасиеттің бәрі өн бойынан табылатын дулыға сыймас торсық шекелі, екі көзді тостағандай ұл сыйлап тек Тәңірге ғана тән жомарттық жасапты. Сәбидің есімі Нұрмағамбет еді.

Бірсыпыра деректерге қарағанда арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты дейтіндей жас ұланның алғаш рет балуан ретінде топқа түсуі 15 жасында, 1879 жылы Шортанның (Щучинскінің) базарында Қорған жақтың бір байбатшасына ере келген көк көз, ақсары дәу ақшаға күресіп, казак-орыс пен қазақтың небір мықтыларын жер қаптырып жатады. Жасөспірім Нұрмағамбет үлкендердің «кәпір кәпірлігін істеп, бір жеріңді мертіктіріп жүрер, қой» дегеніне қарамастан белдесіп, түкті кеудені астына басады. Қаршадай басымен ә дегеннен-ақ туған ел-жұртының абыройын осылайша асырған оның атақ-даңқы тез жайыла бастайды. Ендігі бір әйгілі күресі 1895 жылы ол кезде ұлы князь, кейіннен Ресейдің ең соңғы патшасы II Николай Омбыға келгенде болады. Балуандардың бәрін қирата жеңіп, ең соңында атақты Каронның қабырғасын қаусатады. Қазақ жігітінің ғажайып ерлігіне риза болған болашақ патша аты жазылған алтын сағат сыйлайды. Бұл сыйдың кейін ұлықтар мен опасыз болыстардың талай бәлесінен құтылуына да септігі тиеді, деп жазады автор. Мақалада сондай-ақ бұрын белгісіз болып келген ақпараттар айтылып, балуанның серілік, әншілік, ақындық қырлары да кеңінен ашылған.

***

"Литер" газетінің жазуынша, осы айда Қазақстан Үкіметі 2020 жылға дейінгі туризм саласын дамыту бағдарламасын қабылдады. Жоба аясында бірқатар бағыттарда туризм саласын дамыту көзделген, мәселен "Көк жайлау" мен "Оңтүстік Қаскелең" жобаларын атап айтуға болады. Шығыс Қазақстан экологиялық туризм кластері ретінде дамытылмақ, сонымен қатар «Қатонқарағай» мен «Бұқтырма» да жоспарда бар.

Айта кету керек, бұған дейін жасалған жұмыстың нәтижесінде Бурабай курортына келушілердің саны соңғы кезде артып келеді. Жаз айларында бұл өңірге 100 мыңнан 300 мыңға жуық қазақстандық және шетелдік туристер ат басын тірейді.