Жетісу облысында 647 адам жіті ішек жұқпасымен ауырған

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 84 пайызға жоғары. «Жұқпаның таралу жолдарының анықталу көрсеткіші 81 пайыз. Оның ішінде 94,5%-ы тағам арқылы тараған. Оған үй жағдайында дайындалған, тоңазытқышсыз сақталған тағам және жуылмаған жеміс-жидектер басты фактор болып отыр. Сырқаттанушылық бойынша 2 жасқа дейінгі балалар «қауіпті топқа» жатқызылады», - деді Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов.
Спикердің айтуынша, аурудың берілу факторлары – тағам, су, тұрмыстық зат және ойыншықтар. Кейбір жұқпалардың таралуына жәндіктердің де әсері болатын көрінеді. Жіті ішек инфекциясын жұқтыруға антисанитарлық жағдай, жеке бас гигиенасын сақтамау, санитарлық ережелер сақталмай дайындалған тағамдарды пайдалану себеп болады.
«Қазіргі уақытта облыстық Жұқпалы аурулар ауруханасында 20 науқас жіті ішек инфекциясы диагнозымен емделіп жатыр. Оның 80%-ы бала. Және біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Жаздың басынан бері ЖІИ диагнозымен 700 науқас емделді. Өткен жылмен салыстырсақ, осы кезеңде 460 болған», - деді облыстық инфекциялық ауруханасының инфекционист дәрігері Гузель Таймирова.
Инфекцияның негізі көзі – ауру адам немесе ЖІИ қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Сондықтан жеке бас гигиенасы, тағам және жеміс-жидектерді қолданғанда әрбір адамн абай болуын керек. Мамандар ішектің бұзылуының алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігермен кеңесу керек екенін ескертеді.