Жетісу облысында Sony Play Station алмақ болған әкімдікті прокуратура тоқтатты
Бұл құрылғыны Текелі қалалық мәдениет үйінде ашылып жатқан балалар бөлмесіне орнатуды жоспарлаған. Бірақ бұл сатып алу шарасы әлеуметтік желіге жарияланып, халықтың наразылығын тудырды. Яғни, көпшілік балалардың онсыз да ұялы телефонда көп отыратынын, денсаулықтарына кері әсерін тигізіп жатқанын, ал әкімдік алып бермек болып отырған ойын құралы атыс-шабысқа толы екенін жазды. Осы жайттан кейін прокуратураның өзі іске аралысып, шенеуніктердің әрекетін заңсыз деп танып, ойын құралын сатып алуға жол бермеді. Ал Текелі қаласының әкімдігі, бар мақсатымыз балаларға жайлылық, аз қамтылған отбасы балаларын заманауи құрылғымен ойнауға мүмкіндік жасау болды деп түсіндірді. Сонымен қатар, Sony Play Stationмен балалар тегін ойнайтын еді деп ақталды.
«Текелі қаласының прокуратурасы Мәдениет үйі ойын консулын сатып алу кезінде мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарының бұзылғандығын анықтады. Заңның 21 бабының 3 тармағына сәйкес, конкурстық құжаттамада әлеуметтік өнім берушілердің санын шектеуге әкеп соғатын, оның ішінде тауар белгілеріне фирмалық атауларға арналған нұсқаулардың мазмұнына қатысты мемлекеттік сатып алу шарттарын белгілеуге тыйым салынады»,- деді Жетісу облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің хатшысы Ләйлім Әбілмажинова.