Жетісу жеріндегі Қойлықта ұлттық кодтың өзегі жатыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Ұлы даланың қойнауында рухани құндылықтарға арқау болатын тарихи-мәдени мұралар жеткілікті. Ондай мұраларды өзімізден бастап өзге жұртшылыққа насихаттаудың өзі қоғамның рухани жаңғыруына белгілі бір деңгейде септігін тигізетіні анық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында былай деген еді: «Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді».

Жетісу жеріндегі Қойлықта ұлттық кодтың өзегі жатыр

1 

Терең тарихымызда түрлі рөл атқарған сондай киелі орындардың бірі - Қойлық. Айта кетерлігі, 2014 жылы Қазақстан, Қытай және Қырғызстанның бастамасымен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралары тізіміне Ұлы Жібек жолында орналасқан сегіз археологиялық нысан енгізілген болатын. Ал сол тізімге толеранттылықтың, діни төзімділік пен достықтың символы саналатын - Қойлық қаласы да енді. Діни төзімділік пен толеранттылық орталығы саналуға басты себеп - қалада өз заманында христиан, будда, манихей және мұсылман қауымы тату тіршілік кешкен екен. Тіпті әйгілі Француз монахы Гильом Рубрук 13-ғасырдың ортасында осындай мамыражай тату тіршілік кешкен қазақтың көне Қойлық қаласында болғанын жазып қалдырған.

2 

ІХ-ХІІІ ғасырларда бұл шаһар түркілік Қарлұқ мемлекетінің Астанасы және Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда-саттық, мәдени орталығы ретінде танылған. Француз елшісі әрі саяхатшысы Гильом Рубрук өз жазбаларында қалаға сипаттама жасап, ерекшеліктерін де атап өткен. Оның жазбаларына қарағанда сол кездің өзінде Қойлықта су құбырлары, канализациялар болған.

3 

Көне жазбалардағы мәліметтер Қойлықтағы қазбалардан өз дәлелін тауып отыр. Жалпы қалада 3 үлкен діни ағымның ізі қалған. Ол Будда храмы, мұсылмандар мешіті және христиан шіркеуі. Қазіргі таңда Будда ғибадатханасы қоршалып, төбесі жабылған. Ал қалған екі нысан қайта көміліп, консервацияланды. Себебі қар мен жаңбыр және басқа да табиғи факторлар археологиялық қазбалардың жойылып кетуіне үлкен әсер етеді.

4 

Көне қалашықтан табылған заттардың негізгі бөлігі Сарқан ауданының Қойлық ауылындағы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің шағын музейінде сақтаулы. Бұл жерде ерекше атап өтетін экспонаттар қатарына қыштан құйылған құбырлар, ас сақтайтын сауыт, керамикамен қапталған шамды жатқызуға болады. Қыш құбырлар қала ішімен су жүйесі және кәріз жүйесі жүргізілгенін айқындайды. Ал ас сақтайтын сауытты бүгінгі заман тілімен айтқанда тоңазытқыш деуге болады. Сондай-ақ керамикалық шамның сыртындағы бояудың құрамы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің бояуымен ұқсас.



 

Жалпы Қойлық қаласы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар қорының тізіміне енген Алматы облысындағы үш қаланың бірі. 2014 жылы Қойлықтан бөлек Талғар ауданындағы Талхиз және Балқаш ауданындағы Қарамерген қалашықтары «ЮНЕСКО» тізіміне кірген болатын.

6 

«Бүгінгі еліміздегі ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім осыдан мың жыл бұрын Қойлық қалашығында көрініс алған. Демек қазақтың қанындағы бұл қасиет бабалардан келе жатыр», - дейді өлкетанушы Заман Төлеуов. Өлкетанушының айтуынша, көпұлтты Қазақстан халқының тату-тәттілігі, нақты бір тірегі, діні - сол жергілікті мемлекет құраушы ұлтқа байланысты. «Мен бұны Елбасымыздың айтқан ұлттық кодының нақ өзі деп түсінемін. Ендеше Қойлықта - ұлттық кодтың өзегі жатыр»,- дейді қарт жазушы.

7 

8 

Айта кетерлігі, алдағы уақытта Алматы облысының барлық тарихи және мәдени ескерткіштерінің электронды картасы жасалады. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» атты мақаласындағы тарихи ескерткіштерді түгендеу тапсырмасын жүзеге асыру аясында қолға алынатын ауқымды жоба болмақ.

Қазіргі таңда мектеп жанындағы музейде қалашықтан табылған 150-ден астам экспонат сақтаулы. Олардың басым бөлігін жергілікті тұрғындар өз аулаларынан тауып әкеп берген.