Жетісайдағы өрттен аман қалған 3 адамның біреуі есін жиды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты.

әйел аурухана
Фото: pexels.com

– Жетісай ауданындағы өрт кезінде жалпы 12 адам қаза тапты, оның 9-ы кәмелет жасқа толмағандар. 3 адам аман қалды. Қазір олар жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оның біреуі, яғни әйел адам есін жиды және осы отбасының қызы бар. Сағат таңғы 5:38-де өрт сөндіру бөліміне хабарлама келген. Мұнда газ қазандықтары сыртта орналасқан екен. Қазір осы бойынша тиісті мамандар, сарапшылар анықтап жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтен комиссия құрылды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың жақындарына барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр, қайғылы оқиға тергеліп, жан-жақты тексеріледі, – деді ол.

Бүгін таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды. 

Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенге дейін тұрғын үй толықтай өртке оранған.

Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды.

Көршілердің айтуынша, алдыңғы күні үй иелері іс-шара өткізген, үйде қонақтар болған. Өрт 360 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді.

Оқиға орнында барлық жедел қызмет жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебі белгісіз. Тергеу басталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. 

Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.

Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды.

Өрттен кейін медициналық мекемелерге үш адам — екі ересек және бір бала жеткізілді. Ведомство ақпаратына сәйкес, қазір барлығы реанимация бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр, бірақ тұрақты.

Облыс әкімдігі тарапынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен бірге марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толықтай қолдау жасалды.

Соңғы жаңалықтар