Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жетісу облысында 19 мыңнан астам адам әкімшілік рақымшылыққа ілікті

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Қазақстанда шілде айының басынан бері қолданыстағы «Рақымшылық жасау туралы» заң аясында Жетісу облысында 19 204 адам әкімшілік жауапкершіліктен босатылды.

Өзбекстан президенті 392 сотталушыға рақымшылық жасады
Фото: ӨзА

Жетісу облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, заң 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген. Әкімшілік рақымшылық қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес азаматтардың ешқандай өтінішінсіз автоматты түрде жүзеге асырылады.

Полицияда атап өткендей, рақымшылық әкімшілік құқықбұзушылықтардың жекелеген түрлеріне ғана қатысты қолданылады және заң талаптарының күшін жоймайды.

— Рақымшылық – ең алдымен мемлекеттің ізгілік қағидатына негізделген қадамы. Ол азаматтарға өз әрекетіне қорытынды жасап, алдағы уақытта заң талаптарын бұзбауға мүмкіндік береді, — деп мәлімдеді департаменттен.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Олардың айтуынша, әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігі адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Полиция өкілдері өңір тұрғындарын мемлекет берген бұл мүмкіндікті заңды қайта бұзуға себеп емес, керісінше жаңа парақтан бастап, заң талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік ретінде қабылдауға шақырды.

— Жол қозғалысы ережелерін сақтау – заң талабы ғана емес, барлық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың кепілі, — деп атап өтті полицияда.

Еске салайық, бұған дейін 1 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рақымшылық туралы заңға қол қойған болатын. Құжат қылмыстық және әкімшілік рақымшылықпен қатар, әкімшілік рақымшылықты іске асыратын цифрлық тетікті енгізуді де көздейді.