Жетісу облысында «Дипломмен ауылға» жобасы қалай жүзеге асып жатыр

Дипломмен ауылға
Фото: abai.kz

Биыл өңірде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қомақты қаржы бөлінген. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен 206 жас маманға 1,1 млрд теңге несие берілсе, көтерме жәрдемақы бойынша жергілікті бюджеттен 115,6 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржыны ауылдық өңірге барған 335 маман алуы тиіс, деп хабарлайды Kazinform.

Жалпы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өңірдегі маман тапшылығы мәселесін шешудің оңтайлы жолына айналып келеді. Атаулы бағдарлама жүзеге аса бастаған кезеңнен бері Жетісу облысының аудандары мен ауылдарына 6 мыңға жуық жас маман жұмысқа келген екен. Осы кезеңде 3750 жас маманға көтерме жәрдемақы, 2025 адамға несие берілген. Мәселен, 2022 жылы көлемі 136,6 млн теңге болатын қаржыны 446 маман көтерме жәрдемақы ретінде алса, 233 маман тұрғын үй сатып алу үшін жалпы сомасы 1,1 млрд теңге несиеге қол жеткізген.

- «Дипломмен-ауылға» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұрақтауға келген дипломы бар мамандарды орналастыру мәселелерін шешуге оң ықпал етуде. Ауылда қызмет етуді таңдаған жас маманға мемлекет те барынша қолдау білдіріп отыр. Жоба бойынша берілетін әлеуметтік төлемдер толығымен төленуде. Биыл республикалық бюджеттен 206 маманға несие беруге 1,1 млрд теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттен көтерме жәрдемақы үшін 335 маманға 115,6 млн теңге қарастырылды. 1 тамыздағы жағдай бойынша 66,6 млн теңге болатын көтерме жәрдемақыны 193 адам алды, - дейді Жетісу облыстық облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов.

Алайда, «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша қыруар қаражат игерілгеніне қарамастан өңірде маман кадрлардың жетіспеушілігі жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл жағдай әсіресе облыстың денсаулық сақтау саласында өткір тұр. Биыл аймақтағы медицина мамандарының тапшылығы 202 маманға жетті. Оның ішінде қала емханаларына 152 дәрігер, ауылқы жерлерге 50 маман қажет. Біліктілік санаты бойынша Жетісу облысының емханалары мен ауруханаларында 32 жалпы тәжірибе дәрігері, 18 акушер-гинеколог, 15 педиатр, 15 анестезиолог-реаниматолог сияқты сұранысқа ие мамандар жетіспейді екен. Дегенмен, өңірдегі 10 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш бойынша маман-дәрігерлермен қамту 32,5 пайызды, орта медицина қызметкерлермен қамтамасыз ету 112,7 пайызды құрайды. Қазір облыста медицина мекемелерінде 2169 дәрігер мен 7524 медбике жұмыс істейді.

Медицина саласындағы кадр тапшлығын реттеуге «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да үлес қосып келеді. Былтыр өңірге жоба бойынша 82 маман келген. Оның отыз бірі ауылда тұрып, жұмыс істеуді таңдаған екен. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапқан. Мысалы, біз Көксу ауданына келіп, жұмысын бастаған бірер жас маманмен сұхбаттастық.

Жас мамандардың айтуынша, дәрігер мамандығын таңдаудың қызығы да, қиындығы жеткілікті. Толыққанды маман болып шығуы үшін ұзақ жыл оқитыны тағы бар. Білім алып шыққан жастардың көбі қалада қалып, жекеменшік емханаларды таңдайды екен. Ал ауылға оралып дәрігер болатындар аз.

Биыл Көксу аудандық ауруханасына дәрігер-эпидемиолог болып жұмысқа тұрған Диана Қорабаева да еңбек жолын «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша туған ауылында бастаған жас маман. Ол қазірдің өзінде Балпық би ауылындағы емханада инфекциялық бақылау жүргізетін бірегей эпидемилогқа айналған.

Жас маман
Фото: Қалмаханбет Мұхаметқали/Kazinform

- Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің түлегімін. Мен мектепте оқып жүргенде тележүргізуші болуды армандайтын едім, кейін анамның ақылымен дәрігер болуды ойлай бастадым. Адамдарға көмектескен ұнайды, алғыс аласың, көңілің көтеріледі. Жұмысты туған ауылымда бастағаныма да қуаныштымын. «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша көтерме жәрдемақы алдым, туға нүйім осында болғнадықтан баспана алуға блінген несиеге өтінім бермедім, - дейді жас маман Диана Қорабаева.

Жалпы Жетісу облысында биыл жыл басынан бері дипломмен ауылға келген 37 маманға 191,5 млн теңгенің несиесі берілгенір айта кету керек. Сондай-ақ, көтерме жәрдемақыны алушылар қатарында білім саласына келген 93 жас мұғалім, денсаулық сақтау саласын таңдаған 52 жас жас дәрігер, әлеуметтік қамсыздандыру саласында еңбек етуші 6 маман, мәдениет саласындағы 9 адам, спорт саласындағы 12 адам, агроөнеркәсіп кешені саласын таңдаған 11 маман және мемлекеттік қызметті таңдаған 10 маман қосылған.

Осы қатарда біздің екінші кейіпкеріміз – Думан Тұрдақын да бар. Ол 2016 жылы Семей медицина университетіне оқуға түсіп, 7 жыл бойы дәрігер болудың қыр-сырын меңгерді. Биыл жалпы тәжірибе дәрігері мамандағының иесі атанып, туған жеріне оралды. Қазір Думан Жарлыөзек ауылындағы емханада білек сыбанып еңбек етіп жүр.

Жас маман
Фото: Қалмаханбет Мұхаметқали/Kazinform

- Бұрын ауылда ауырған адамдарды, әсіресе балаларды аудан орталығына тасып, қиналып жүргенін көретін едім. Сол кезде осы ауылға бір жақсы дәрігер келсе екен дейтінмін. Мамандық таңдау кезінде дәрігерлік жолын таңдауыма осы жағдай әсер етсе керек, оқуымыды тәмамдағасын елге ораламын деп шештім. Ауылдың адамдары кең пейіл ғой, болашағымдыы да осы жермен байланыстырамын. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасының көп көмегі тиеді екен. Көтерме жәрдемақы алдым, енді баспана алудың қамын жасап жатырмын. Мұның бәрі жас маман үшін жасалған керемет жағдай, - дейді Жарлыөзек ауылдық амбулаториясының жалпы тәжірибе дәрігері Думан Тұрдақын.

Соңғы жаңалықтар