Жетісу облысында көмір тапшылығы жоқ
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Алдын ала болжам бойынша биыл Жетісу халқы 428 мың тоннадан аса көмір тұтынады. Шенеуніктер «халық бұрынғыдай табанынан таусылып қатты отын іздеп сандалмайды» деп сендіріп отыр. Айтуларынша, өңірге тәулігіне орта есеппен 25 вагон (1 725 тонна) қатты отын жеткізілуде.
Облыс аумағында 35 көмір тұйығы мен 5 қойма бар. 22 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша, 23 мың тоннаға жуық көмір сақтаулы. Қатты отын «Қаражыра», «Шұбаркөл» кен орындарынан жеткізіліп жатыр.
Сала мамандарының мәліметінше, көмірдің тоннасы – 18 600-20 500 теңгенің аралығында. Бұл – көмір тұйықтары мен қоймалардағы баға. Шалғайдағы елдімекендерге жеткенше қатты отын құны бұдан 2-3 есе өсетініні белгілі. Әр ауданда баға әртүрлі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, Ақсу, Сарқан аудандарында көмірдің бір тоннасы – 25 000-28 000 теңгеден. Себебі, аталмыш аудандарда теміржол қатынасы жоқ.
Еске салайық осыған дейін Текелі қаласының табиғи газға қосылғанын жазған едік.