Еркін күрестен Қазақстан жастар және жасөспірімдер құрамаларының аға бапкерлері тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің еркін күрестен 23 жасқа дейінгі жастар және 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамаларының аға бапкерлері тағайындалды. Бұл жөнінде Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.
Еркебұлан Кешубаев еркін күрестен еліміздің 23 жасқа дейінгі жастар құрамасының тізгінін ұстады.
Еркебұлан Нұрланұлы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт шебері, осы салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман. Ол әр жылдары Алматы қаласының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жасөспірімдер мен жастар құрамаларының аға жаттықтырушысы қызметтерін атқарды.
Бапкердің жетекшілігімен әлем, Азия чемпионаттары мен халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері тәрбиеленді. Оның шәкірттері арасында әлем чемпиондары, Азия чемпиондары және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы бар.

Сондай-ақ Жасұлан Мұхтарбекұлы 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері қызметіне келді.
Еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жасұлан Мұхтарбекұлы ұзақ жылдар ел намысын абыроймен қорғап, 2003 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болған. Көптеген ірі халықаралық бәсекенің жүлдегері болды.
Бапкерлік мансабын ол 2014 жылы әйелдер күресінің аға жаттықтырушысы ретінде бастады. Содан бері еліміздің әртүрлі спорт мектептерінде бапкерлік қызметтер атқарып, шәкірттер тәрбиеледі.
Еске салсақ, бұдан бұрын Дәулет Ниязбеков еркін күрестен 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының тізгінін ұстады.