Жетісу облысында мәдениет, спорт және білім саласы қалай ілгерілеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бейбіт Исабаев
Фото: ОКҚ

Журналистер алдымен ауылдық жердегі мәдени және спорттық нысандардың дамуы туралы сұрады. Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары әлеуметтік нысандардың жаңару көрсеткіші 55–60 пайызға жеткен. Мәдениет саласында соңғы екі жарым жылда облыста 39 жаңа мәдениет нысаны салынды.

– Жалпы әлеуметтік нысандардың жаңару көрсеткіші 55–60 пайызға жетті. Мәдениет саласына келетін болсақ, соңғы екі жарым жылда Жетісу облысында 39 жаңа мәдениет нысаны салынды. Оның ішінде жиырмаға жуығы – мәдениет үйлері. Сонымен қатар, Талдықорғанда өткен облыстық байқау аясында 15 ауылдың мәдениет үйіне 15 көлік беру жоспарланып отыр. Бұған дейін мәдениет үйлерінде көліктер болмаған. Берілетін көліктер шағын, Қытайда шығарылған 12 және 14 орындық автобустар, мәдениет үйлеріне өте қажет. Бағасын дәл қазір айта алмаймын, бірақ қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Президентке берген уәдеміз орындалып жатыр. Әлеуметтік нысандардың ішінде мектеп, денсаулық сақтау, спорт және мәдени нысандар бар, жалпы 300-ден астам нысан салынды. Бұл жұмыс ары қарай жалғасады. Алайда, Үкіметтің қаулысымен бюджеттік тапшылыққа байланысты алдағы бір-екі жылда мәдениет нысандарының құрылысын аса қажеттілік болмаса кідірту ұсынылады. Бұл – уақытша шектеу, – деді әкім.

Журналистер Жетісу облысының спорт саласына қатысты сұрақ қойды, соның ішінде футбол командасының қазіргі жағдайы, Самат Смаков пен Марк Гурманның жұмысы және клубты жекешелендіруге беру жоспары да талқыланды.

– Жаттығушылар құрамына және клубтың бас директорына қатысты өткен жылдың нәтижесіне көңілім толмайды. Бұл тек менің ғана емес, Жетісу жанкүйерлерінің де пікірін білдіреді. Жетісу футбол клубын жекеменшікке беру мәселесі бойынша біз екі-үш компаниямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, облыстағы ірі кәсіпорындармен әріптестік және демеушілік жөнінде келісімшарттарымыз бар. Бұл бюджеттік шығындарды үнемдеуге де көмектеседі. Оған қоса, біздің волейболдан әйелдер командасы Бразилияның Сан-Паулу қаласында клубтар арасындағы әлем чемпионатында Азия атынан өнер көрсетіп жатыр, – деді әкім.

2022 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы елде жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу тапсырмасын берген болатын. Жетісу облысында бұл тапсырма орындалды ма деген сауалдарға облыс әкімі:

– Иә, әрине, мен есімде сақтап отырмын. Биыл мамыр айында Жансүгіров атындағы облыстық Талдықорған университетінің базасында Италиядан келген Марке политехникалық университетінің филиалы ашылды. Біздің өңір аграрлық болғандықтан, агротехнологияларды жетілдіру қажет. Филиал жұмыс істейтін болады, дипломдары Италияда да, Қазақстанда да мойындалады. Сабақтар негізгі университеттің профессорлық құрамынан емес, жергілікті профессорлық-оқытушылық құрамнан, шамамен 8–10 адамнан тұратын топ арқылы жүргізіледі. Италиялық университетпен серіктестік негізінде жұмыс істейді, – деп атап өтті әкім.

Брифинг барысында Бейбіт Исабаев Жетісу облысындағы колледждердің жай-күйіне тоқталды. 

Әкімнің айтуынша, Талдықорғанда жұмысшы мамандықтары бойынша 10 бағытта 27 колледж жұмыс істейді. Соның ішінде кәсіптік, политехникалық, құрылыс және басқа да жұмысшы мамандықтарын даярлайтын он колледжде аудиториялар мен оқу құрал-жабдықтары толық жаңартылған. 

– Биыл осы он колледжде жұмысшы мамандарды даярлайтын кластар мен аудиториялардың құрал-жабдықтарын жаңарттық. Сонымен қатар облыс колледждерінде төрт жаңа жұмысшы мамандығы ашылды. Олардың ішінде технологтар, мал шаруашылығы заводтарының технологтары, кен орындарын игеретін технологтар және дрон операторлары бар. Талдықорған политехникалық колледжінде жасанды интеллект бойынша Қытайдың ірі колледжімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. Келер жылы осы бағдарлама бойынша жаңа мамандық ашылуы жоспарланып отыр, – деді әкім.

Журналистер сондай-ақ Жетісу облысында қазақ әдебиетінің классигі Сайын Мұратбековтің 90 жылдық мерейтойына байланысты сұрақ қойды.

– Биыл Қабанбай ауылында ақсақалдармен кездесу барысында осы сұрақты өзім көтердім. Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» шығармасын оқымаған адам жоқ шығар. Биыл Талдықорған қаласындағы мектептердің біріне бюстін қоюды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар оның туған жері – Қапал өңірінде көше атын беру туралы ұсынысты Үкіметке жолдаймыз. Сайын Мұратбеков қазақ әдебиетіне үлес қосқан азамат, – деді әкім.

Осылайша, Жетісу облысында мәдениет, спорт және білім саласында жаңа нысандар мен халықаралық ынтымақтастық жобаларының жүзеге асуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына маңызды үлес қосып отыр.

Бұған дейін Жетісу облысында соңғы үш жылда 188 ауылдың ішіндегі көшелер жөнделді. Сонымен бірге, өңірдегі республикалық маңызы бар жолдар толығымен жаңғыртылғанын жазғанбыз.

Сонымен қатар Жетісу облысында жаңадан Туризм басқармасы құрылды. Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалауын күтіп ұстау үшін екі коммуналдық мекеме құрылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар