Жетісу облысында мәдениет, спорт және білім саласы қалай ілгерілеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Журналистер алдымен ауылдық жердегі мәдени және спорттық нысандардың дамуы туралы сұрады. Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары әлеуметтік нысандардың жаңару көрсеткіші 55–60 пайызға жеткен. Мәдениет саласында соңғы екі жарым жылда облыста 39 жаңа мәдениет нысаны салынды.
– Жалпы әлеуметтік нысандардың жаңару көрсеткіші 55–60 пайызға жетті. Мәдениет саласына келетін болсақ, соңғы екі жарым жылда Жетісу облысында 39 жаңа мәдениет нысаны салынды. Бұған дейін мәдениет үйлерінде көліктер болмаған. Берілетін көліктер шағын, Қытайда шығарылған 12 және 14 орындық автобустар, мәдениет үйлеріне өте қажет. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Президентке берген уәдеміз орындалып жатыр. Әлеуметтік нысандардың ішінде мектеп, денсаулық сақтау, спорт және мәдени нысандар бар, жалпы 300-ден астам нысан салынды. Бұл жұмыс ары қарай жалғасады. Үкіметтің қаулысымен бюджеттік тапшылыққа байланысты алдағы бір-екі жылда мәдениет нысандарының құрылысын аса қажеттілік болмаса кідірту ұсынылады. Бұл – уақытша шектеу, – дейді әкім.
Журналистер Жетісу облысының спорт саласына қатысты сұрақ қойды, соның ішінде футбол командасының қазіргі жағдайы, Самат Смаков пен Марк Гурманның жұмысы және клубты жекешелендіруге беру жоспары да талқыланды.
– Облыстағы ірі кәсіпорындармен демеушілік жөнінде келісімшарттарымыз бар. Бұл бюджеттік шығындарды үнемдеуге де көмектеседі, – деді әкім.
Брифинг барысында Бейбіт Исабаев Жетісу облысындағы колледждердің жай-күйіне тоқталды.
Әкімнің айтуынша, Талдықорғанда жұмысшы мамандықтары бойынша 27 колледж жұмыс істейді. Соның ішінде кәсіптік, политехникалық, құрылыс және басқа да жұмысшы мамандықтарын даярлайтын он колледжде аудиториялар мен оқу құрал-жабдықтары толық жаңартылды.
– Биыл осы он колледжде жұмысшы мамандарды даярлайтын кластар мен аудиториялардың құрал-жабдықтарын жаңарттық. Сонымен қатар облыс колледждерінде төрт жаңа жұмысшы мамандығы ашылды. Олардың ішінде технологтар, мал шаруашылығы заводтарының технологтары, кен орындарын игеретін технологтар және дрон операторлары бар. Талдықорған политехникалық колледжінде жасанды интеллект бойынша Қытайдың ірі колледжімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. Келер жылы осы бағдарлама бойынша жаңа мамандық ашылуы жоспарланып отыр, – деді әкім.
Осылайша, Жетісу облысында мәдениет, спорт және білім саласында жаңа нысандар мен халықаралық ынтымақтастық жобаларының жүзеге асуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына маңызды үлес қосып отыр.
Осылайша, Жетісу облысында мәдениет, спорт және білім саласында жаңа нысандар мен халықаралық ынтымақтастық жобаларының жүзеге асуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына маңызды үлес қосып отыр.
Бұған дейін Жетісу облысында соңғы үш жылда 188 ауылдың ішіндегі көшелер жөнделді. Сонымен бірге, өңірдегі республикалық маңызы бар жолдар толығымен жаңғыртылғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Жетісу облысында жаңадан Туризм басқармасы құрылды. Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалауын күтіп ұстау үшін екі коммуналдық мекеме құрылғанын жазғанбыз.