Жетісу облысында мас күйінде көлік жүргізген азаматқа өмір бойына рульге отыруға тыйым салынды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Автокөлік – жоғары қауіп көзі, оны мас күйінде басқару жүргізушінің де, айналадағы адамдардың да өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Осыған байланысты Жетісу облысы Ақсу ауданының прокуратурасы мас күйінде көлік жүргізудің алдын алу мақсатында көрсетілім сот процесін ұйымдастырды.

прокуратура
Фото: Бас прокуратура

Сотқа жергілікті жүргізушілер, соның ішінде жеке тасымалдаумен айналысатындар шақырылды.

Процесс барысында бұған дейін мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматқа қатысты іс қаралды. Ол тиісті қорытынды шығармай, жүргізуші куәлігінсіз қайтадан мас күйінде рульге отырып, Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасаған.

Сот шешімімен ол 6 айға бас бостандығынан айырылды және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Жүргізушілерге мас күйінде көлік жүргізуге жол берілмейтіні қатаң ескертіледі. Әркім жолдағы қауіпсіздік үшін жеке жауапкершілігін сезінуі қажет.

Айта кетейік, Алматы жолдарында 400-ден астам мас жүргізуші ұсталды.