Жетісу облысында мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзған шенділер жауапқа тартылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысында прокурорлар Қаратал ауданы әкімдігі бөлім басшыларының бірін мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Дерекке қарағанда, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы сумен жабдықтау желілерін салуға жарияланған конкурс жеңімпазымен 100 миллион теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасудан негізсіз бас тартқан.
- Сонымен қатар, ол қайтадан сатып алу рәсімін өткізіп, бұл жолы басқа қатысушымен келісімшарт жасаған.
Тағы бір жағдайда мердігер техникалық талаптарға сәйкес келмейтін тауарларды жеткізген, алайда осыған қарамастан аудандық ТКШ бөлімі ол тауарларды қабылдап алған, - делінген бақылаушы органның ақпаратында.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік қызмет беделін түсіретін жағдайларға байланысты конкурс комиссиясының басқа да мүшелері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, екі басшы мен төрт маманға қызметіне толық сай еместігі туралы ескерту жасалды.
Айта кетейік, Қызылорда прокурорлары кәсіпкерлерді заңсыз тексерудің 590-нан астам әрекетінің алдын алған.