Жетісу облысында отбасы шырқын бұзған 120 адам қамалды
Жетісу облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы көбейіп отыр. Былтыр 10 айда мыңнан астам дерек тіркелсе, полиция биылғы 4 ай ішінде зорлық-зомбылық бойынша 841 іс қозғаған, деп хабарлайды Kazinform.

Қазір Талдықорғандағы уақытша ұстау мекемесінде отбасының шырқын бұзған 120 адам ұсталып, қамауда отыр. Полиция өкілдері құқықбұзу дерегінің көбеюіне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаның қатаңдатылуы себеп болғанын айтады. Тәртіп сақшылары тек жазалау ісінен бөлек, алдын алу мен тәрбилеуге де көңіл бөлуде.
Өңірде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтіп жатыр. Іс-шара аясында әкімшілік жазасын өтеп жатқан адамдармен арнайы кездесу ұйымдастырылуда. Қоғамдық ұйым өкілдері, аналар кеңесінің жетекшілері мен теолог, психологтар уақытша қамалған азаматтармен кездесіп, сұхбаттасып, отбасындағы ұрыс-керістің себеп-салдарын анықтап жатыр. Мамандар отбасылық жанжалдың шығуы мен әйелге әлімжеттік көрсетудің басты себебі алкогольдік ішімдікті жиі қолданғандықтан екенін айтады.
— Құқық қорғаушылар мен бірге психолог, теолог мамандар отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жұмылуда. Мамандар жазасын өтеп жатқан азаматтармен пікір алмасып, жанжалға жол бермеудің, қылмыстың алдын алудың жолдарын қарастырады. Аз да болса нәтижесі бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң күшейтілгенге дейін ерлі-зайыптылар бір-бірімен татуласып, екінші тарап кешірім беріп, көп жағдайда азаматтар қамауға алу жазасынан құтылып кететін. Қайтадан дәл сондай құқықбұзушылық жасауға баратын. Ал қазір жаза қатаңдатылды. Сот жанжал шығарған адамға бірден үкім шығарып, қамауға алады, — дейді Жетісу облысы жергілікті полиция басқармасының басшысы Қайсар Мұхметов.