Жетісу облысында регби ойынын дамытуға 387 млн теңге бөлінген
АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Жетісу облысында регбиді дамытуға мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімділігі қызу талқыланып жатыр.
Ақпаратқа сәйкес, Талдықорған қаласында бюджет қаражатын үнемдеу режимі аясында облыстың спорт ұйымдарына оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру қызметтерін сатып алу, сондай-ақ регби бойынша облыстық құрама командалар мүшелерін даярлау және олардың жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Аталған мақсаттарға бөлінген жалпы қаржы көлемі 387 млн теңгені құрайды. Осыған байланысты елде кеңінен танымал спорт түрлерінің алғашқы ондығына кірмейтін регбиге мұндай көлемде қаражат бөлу орынды ма деген сұрақ қоғамдық кеңістікте көтерілуде.
Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы регби аймақта ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша басым бағыттардың бірі саналатынын мәлімдеді. Басқарма басшысының орынбасары Еркебұлан Дуанаевтың айтуынша, өңірде спортшыларды даярлаудың толық жүйесі қалыптасқан.
«Өңірде регби бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, мамандандырылған бөлімше және кәсіби клуб жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда Қазақстан Республикасының ерлер мен әйелдер құрамасының мүшелерін қоса алғанда, спортшылар тұрақты түрде жаттығады», – деді ол.
Оның сөзінше, өңір командалары сегіз аймақтың ұжымдары қатысқан Қазақстан Республикасының жоғары лига командалары арасындағы чемпионатта күміс жүлдеге ие болған.
«Жетекші спортшылар қазірдің өзінде Азия чемпионаты мен Азия ойындарына дайындық аясында ұлттық құрама сапында жаттығып жатыр. Олар халықаралық аренада облыс қана емес, тұтас ел намысын қорғауда», – деп толықтырды Еркебұлан Дуанаев.
Оның мәліметінше, Жетісу облысында әртүрлі жастағы 600-ден астам спортшы регбимен жүйелі түрде айналысады. Бұл спорт түрінің жаппай дамып келе жатқанын, тұрақтылығын және әлеуметтік маңызын көрсетеді.
«Кәсіби спорт клубтарын қаржыландыру қолданыстағы заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүзеге асырылады. 387 млн теңге көлеміндегі лимит Туризм және спорт министрлігінің бұйрығымен бекітілген және бұл аймақтық деңгейдегі жеке шешім емес, кәсіби клубтарға арналған бірыңғай норматив болып табылады», – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар басқарма басшысының орынбасары бөлінген қаражаттың барлығы тек оқу-жаттығу процесіне, ресми жарыстарға қатысуға және жоғары деңгейлі спортшыларды даярлауға бағытталатынын атап өтті. Қазіргі уақытта Жетісу облысында регби бойынша бір ғана команда жұмыс істейді, ол Талдықорған қаласында орналасқан.
Айта кетейік, бұған дейін бір балалар футбол алаңын салуға қанша қаржы қажет екені хабарланған болатын.