Жетісу облысында жаңғыртылған алғашқы теміржол вокзалы ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Талдықорған қаласында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ел бойынша 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жаңартылған Жетісу облысындағы алғашқы нысан. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.
— Жаңғырту барысында жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Ғимараттың қасбеті мен ішкі үй-жайлары жөнделіп, инженерлік желілер, жылу, сумен жабдықтау және электрмен қамту жүйелері жаңартылды. Сонымен қатар заманауи күту залдары жабдықталып, навигация жүйесі жетілдірілді және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасалды, — делінген хабарламада.
Талдықорған теміржол вокзалы ел өңірлерімен жолаушылар қатынасын қамтамасыз ететін Жетісу облысының маңызды көлік нысаны болып табылады. Жобаны іске асыру жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және вокзалда қолайлы әрі заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі болып табылады. Ел тарихында алғаш рет теміржол инфрақұрылымының 120-дан астам нысанында құрылыс-монтаж жұмыстары бір мезгілде жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Қазақстанда 124 вокзал жаңғыртылып жатыр.