Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жетісу облысында жыл басынан бері 500-ден астам жол апаты тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында биыл жыл басынан бері 501 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатынан көз жұмғандар саны азайғанымен, зардап шеккендердің қатары артып отыр.

Жетісу облысында жыл басынан бері 500-ден астам жол апаты тіркелді
Фото: Report

Өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында жолдардың жай-күйіне бақылау күшейтіліп, жол ережесін бұзуды тіркейтін заманауи жүйелер енгізіліп, автожолдарды ауқымды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өңірдегі жол апаттарының саны 6,4%-ға азайған. Былтыр осы уақытта 535 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Жетісу облыстық полиция департаментінің жол-техникалық инспекциясы бөлімінің инспекторы Диас Молдабергеновтің айтуынша, жол апаты салдарынан 40 адам көз жұмған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 32,2%-ға аз (59 адам). Ал жарақат алғандар саны 848-ден 856 адамға дейін өскен.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері автомобиль жолдарына 772 тексеру жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде жол ұйымдарына 773 нұсқама жолдаған. Жолдарды талапқа сай күтіп ұстамағаны үшін 129 мекеме мен жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау заманауи технологиялардың көмегімен де күшейтіліп жатыр. Қазір облыс жолдарында 482 бейнекамераны біріктіретін 97 автоматты құқықбұзушылықты тіркеу кешені жұмыс істейді. Бұдан бөлек, полицияның 13 қызметтік көлігіне Ekin Patrol жылдамдықты өлшейтін мобильді кешендері орнатылған. Ал апат қаупі жоғары учаскелерде әуеден бақылау жүргізу үшін 16 дрон пайдаланылады.

Сонымен қатар өңірде жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

«ҚазАвтоЖол» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Жасұлан Қалтаевтың мәліметінше, 2026 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға 27 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

— Бүгінде республикалық маңызы бар жолдардың 92,1%-ы жақсы жағдайда, 5,2%-ы қанағаттанарлық күйде. Ал 2,7%-ы жөндеуді қажет етеді, — деді ол.

Биыл облыста жалпы ұзындығы 136 шақырым автожол жөнделмек. Оның ішінде 28 шақырымы күрделі жөндеуден өтсе, 108 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар 1 022,2 шақырым жолды күтіп ұстау жұмыстары жоспарланған.