Жетісу облысында жол апатынан мерт болғандар саны 33%-ға көбейген
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Биыл қаңтар-мамыр айлары аралығында Жетісуда 430 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 52 адам қаза тапты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген облыстық Полиция департаменті мәлімдеді.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өңірде жол апаттарының саны 86%-ға артқан (2024 жылы – 231), қаза тапқандар 33%-ға (2024 ж. – 39), ал жарақат алғандар 96%-ға (2024 ж. – 339) көбейген.
Жол-көлік оқиғаларының күрт өсуіне жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттырып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы, сондай-ақ жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздік талаптарын елемеуі себеп.
Полиция деректеріне сүйенсек, тек жылдамдықты арттыру дерегі бойынша 2025 жылдың бес айында 85 ЖКО болып, 27 адам көз жұмған (2024 ж. – 24 жол көлік оқиғасы, 8 адам), жарақат алғандар саны 138 адамға жеткен (2024 ж. – 51).
Келесі негізгі себеп – маневр жасау ережелерін бұзу. Мұндай жағдайлардан 33 жол апаты тіркеліп, 3 адам қаза тапқан (2024 ж. – 28 ЖКО, 2 адам), 44 адам жарақат алған (2024 ж. – 47).
Қарсы жолаққа шығу салдарынан 13 жол апаты тіркелген (2024 ж. – сондай көрсеткіш), нәтижесінде 4 адам көз жұмып (2024 ж. – 15), 26 адам жарақат алған (2024 ж. – 21).
Жалпы, 2020-2025 жылдар аралығындағы деректерге сүйенсек, өңірде 2022 және 2023 жылдары жол апатынан 140-тан астам адам көз жұмса, 2024 жылы 1049 адам түрлі жарақат алған.
Жол апаттарының алдын алу үшін полиция қызметкерлері бірнеше профилактикалық рейд ұйымдастырып, 10 200 құқықбұзушылықтың жолын кескен. Сонымен қатар дрондардың көмегімен жүргізушілердің тәртіп бұзу деректері тіркеліп, 105 құқықбұзушылық анықталған. Қазіргі таңда облыс жолдарында 16 дрон тұрақты түрде қолданылып жатыр.
Дрон арқылы фото және бейнебақылау жүргізілетіні туралы 12 билборд орнатылған. Оның ішінде 5 – республикалық маңызы бар жолда, 6 – облыстық жолда, 1 – Текелі қаласында.
Жол қозғалысы ережесін автоматты түрде тіркейтін «VIDAR SPEED-R» жүйесімен жабдықталған 15 стационарлық бақылау бекеті арқылы жыл басынан бері 42 301 құқықбұзушылық тіркелген.
Бұған дейін, Жетісуда жыл басынан бері ЖКО бойынша 203 қылмыстық іс тіркелгенін жазғанбыз.