Жетісу облысында зорлық белгілері бар үш жасар бала ауруханаға жатқызылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – 2 ақпан күні шамамен сағат 21:00-де полицияға «102» арнасы арқылы медициналық мекемеден үш жасар баланың ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлама түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, баланың денесіндегі жарақаттар зорлық-зомбылық белгілеріне ұқсас.

п
Видеодан алынған скрин

Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Ведомство ақпаратына сәйкес, құқық қорғау органдары хабар түскен бойда отбасының тұрғылықты мекенжайына жедел барған. Қылмыс жасады деген күдікпен баланың әкесі ұсталды. Ер адамның алкогольдік мас күйде болғаны хабарланды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта анасы мен бала медициналық мекемеде жатыр. Зардап шеккен балаға қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Аталған дерек бойынша тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Жетісу облыстық полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында.

Бұған дейін Жетісу облысында өз баласын ұрып-соқты деген күдікпен әйел адамның ұсталғаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар