Жетісу облысының электр желілерін жаңғыртуға 9,16 млрд теңге бөлінді
АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысында электр желілерін жаңғырту және қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоба Қазақстанның Даму банкі мен «Талдықорған акционерлік көлік-электр желілері компаниясы» АҚ-ның бірлескен қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта өңірдегі нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған. Ескелді, Көксу, Қаратал және Сарқан аудандарында электр беру желілеріне арналған 4 492 жаңа тірек орнатылды.
– Нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Ескелді, Көксу, Қаратал және Сарқан аудандарында электр беру желілерінің түрлі үлгідегі 4 492 жаңа тірегі орнатылды. Ақсу және Кербұлақ аудандарында инфрақұрылымды жаңғыртудың келесі кезеңдеріне дайындық жүргізілуде, – деп хабарлады жобаға жауапты тараптар.
Аталған бастаманы іске асыру үшін бұған дейін Қазақстанның Даму банкі мен «Талдықорған акционерлік көлік-электр желілері компаниясы» АҚ арасында 9,16 млрд теңге көлемінде несиелік желі ашу туралы келісім жасалған.
Жоба «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
– Жоба шеңберінде түрлі кернеудегі 474 шақырымнан астам электр беру желісі жаңғыртылып, кабельдік желілер ауыстырылады. Сонымен қатар екі ірі қосалқы станция толық қайта жаңартудан өтеді. Бұл өңір тұрғындарын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етіп, желілердің тозу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Жобаны толық аяқтап, нысандарды пайдалануға беру 2027 жылдың қаңтарына жоспарланған.
Айта кетейік, Жетісу облысында «Қойтас» экопаркінің құрылысы жалғасып жатыр.