Жетісу тұрғыны шетелге кеткені үшін зейнетақысынан қағылған

АСТАНА. KAZINFORM — Шетелге кеткені үшін Жетісу облысы Көксу ауданы тұрғынының зейнетақы төлемдері тоқтатылған. Прокуратура араласқаннан кейін төлемдер қайта басталып, оған 2,3 млн теңгеден астам қаражат есептелді.

бжзқ
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Жетісу облысының прокуратурасы Қазақстан азаматтығын сақтап, шетелге кеткен азаматтардың зейнетақы құқықтарын қорғау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Прокуратураның араласуынан кейін Көксу ауданының тұрғынына елден тыс жерге кеткеніне байланысты тоқтатылған зейнетақы төлемдері қайта тағайындалды.

— Төлемдер 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қайта басталды. Ал төлем тоқтатылған кезең үшін азаматқа 2,3 млн теңгеден астам қаражат есептелді. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының № 79 нормативтік қаулысында көрсетілген құқықтық ұстанымды ескере отырып жүргізілген, — делінген хабарламада.

Қаулыға сәйкес, Қазақстан азаматы заңда белгіленген өзге талаптарды сақтаған жағдайда, мемлекеттік базалық және жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алу үшін ел аумағында тұрақты тұруы міндетті емес.

Бұдан бұрын қазақстандықтар баспана мәселесін шешу үшін зейнетақы төлемдерінен 27,5 млрд теңге жұмсағанын жазғанбыз.