Жетісуда 27 жаңа өндіріс ашылып, мың жарым жұмыс орны құрылды
АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында биылғы 10 айда барлық сала бойынша өсім байқалады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев есептік кездесуінде айтты.
Әкімнің сөзінше, жыл соңына дейін Жетісу облысының жалпы өңірлік өнімі 2,7 трлн теңгені құрамақ.
— Жыл басынан бері облыс экономикасына 17% өсіммен 397 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңірімізде 2023-2025 жылдары 108 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде 70 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі — 4,7%-ға төмендеді, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есе азайды, — деді Б. Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Өңірде орташа айлық жалақы 18%-ға өсіп, 331 мың теңгені құраса, жан басына шаққандағы орташа табыс 19%-ға ұлғайып, 172 мың теңгеге жеткен.
Сонымен бірге, биыл Жетісудағы өнеркәсіп өнімін шығару 5%-ға артады. 2023-2025 жылдары 27 жаңа өндіріс іске қосылды, 7 жұмыс істеп тұрған кәсіпорын кеңейтілді, мың жарым жаңа жұмыс орны құрылды.
Ірі зауыттар қатарында өнеркәсіптік стационарлық аккумуляторлар шығаратын «ASMA Industrial» жаңа зауыты, Алакөл және Сарқан аудандарында, Текелі және Талдықорған қалаларында салынған қуаты 50 МВт екі жел электр станциясы бар.
— Алдағы екі жылда өнеркәсіп саласында қосымша 30 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Мысалы, Кербұлақ ауданында «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс компаниясы» үлкен жобасының құрылысы басталды. Талдықорғанда тегістегіш болат шар өндіретін «ME-ELECMETAL» зауытының құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы Қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу зауытын салу жоспарланған. Бұл жеке инвестормен бірлескен жоба, — деді облыс әкімі.
Бұдан бұрын Жетісу облысында 9 мың гектардан астам жер орман қорына берілгені анықталды.