Жетісуда әкімдік қызметкерлері рұқсат етілмеген жердегі қоқыс үшін жазаланды

қоқыс
Фото: freepik.com

Жетісу облысының прокуратурасы өңірде рұқсат құжаттары жоқ 37 қоқыс полигонын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қадағалау органы Текелі, Талдықорған қаласы мен Ескелді, Көксу және Қаратал аудандарындағы қоқыс үйінділері қоршаған ортаға зиян келтіргенін атап өтті.

«Бұған дейін экология департаменті жергілікті атқарушы органдардың назарын осы бұзушылықтарға аударған. Алайда олар уақытында тиісті шара қолданбаған. Сол себепті, табиғатты қорғау прокуратурасының іске араласуына тура келді. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша аудан әкімінің 3 орынбасары мен бір бөлім басшысына ӘҚБтК-нің 344-бабы (экологиялық талаптарды бұзу) бойынша жалпы сомасы 1 млн теңгеден асатын айыппұл салынды», - деп хабарлады Жетісу облысы прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Жергілікті атқарушы билік рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жоюға кірісті.

Бұған дейін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов полигондарды жою жұмысын сынға алған болатын.

Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдарға 1 қарашаға дейін Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын бекітуді тапсырды. Бұған қоса, әкімдіктер жыл соңына дейін рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін 2 есеге қысқартуы керек. 

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum