Жетісуда әскерге барудан жалтарған жігіт іздестіріліп жатыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде өзін заңсыз ұстап отырғанын мәлімдеген Жетісу облысының тұрғынына іздеу жарияланды. Ол қосымша медициналық тексеруден кейін облыстық жинақтау пунктіне қайтарылып келе жатқанда өзі қашып кеткен.
Облыстық шақыру комиссиясының мәліметінше, азаматқа Қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келу қажеттігі туралы 1414 сервисі арқылы үш мәрте хабарлама жолданған. Атап айтқанда, SMS-хабарламалар 30 сәуір, 4 мамыр және 21 мамыр күндері жіберілген. Алайда шақырылушы жергілікті әскери басқару органына өз еркімен келмеген.
Осыдан кейін 26 мамырда полиция қызметкерлері оны Кербұлақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне жеткізген. Мұнда ол аудандық медициналық комиссиядан өткен.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада азамат өзін ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебіне оқуға түсу үшін келгенін айтқан. Бірақ шақыру комиссиясының мәліметінше, тексеру барысында оның аталған оқу орнына құжат тапсырғанын растайтын деректер табылмаған.
— Азаматтың Әскери-техникалық мектепке түсу үшін өз еркімен келіп, кейін мерзімді әскери қызметке күштеп жіберілмек болды деген мәлімдемелері шындыққа сәйкес келмейді, — деп хабарлады комиссия.
Сондай-ақ облыстық медициналық комиссиядан өту кезінде шақырылушы азамат денсаулығына қатысты шағымдарын айтқан. Осыған байланысты оған қосымша медициналық тексерулер мен зертханалық талдаулардан өтуге мүмкіндік берілген.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік желілерде ақпарат тараған кезде азаматты әскери бөлімге жіберу туралы ешқандай шешім қабылданбаған.
— Керісінше, оның өтініші негізінде денсаулық жағдайын жан-жақты бағалау үшін қосымша тексерулер ұйымдастырылды, — делінген ресми хабарламада.
Алайда медициналық тексерулер аяқталғаннан кейін облыстық жинақтау пунктіне қайтарылып келе жатқан кезде азамат инспекторлардың бақылауынан шығып кетіп, белгісіз бағытқа кеткен. Содан бері жергілікті әскери басқару органына қайта келмеген.
Осы факті бойынша оған іздеу жарияланып, материалдар ішкі істер органдарына жолданған. Сонымен қатар оны заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр.
Шақыру комиссиясы қолданыстағы қағидаларға сәйкес азаматтар шақыру науқаны мен медициналық тексеру кезеңінде жинақтау пунктінде бола алатынын атап өтті. Сондықтан әлеуметтік желілерде тараған «заңсыз ұстап отыр» деген ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.
Сондай-ақ ведомство Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 648-бабына сәйкес әскери қызметке шақыруға байланысты медициналық тексеруден және өзге де рәсімдерден жалтарғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Комиссияның мәліметінше, медициналық комиссиялардың қорытындылары, бейнежазбалар, ақпараттық жүйелердегі деректер мен қызметтік құжаттар азаматтың заңсыз ұсталғаны немесе оны мерзімді әскери қызметке күштеп жіберу әрекеттері болмағанын көрсетеді.
Ведомство өкілдері тұрғындарды тек ресми әрі тексерілген ақпаратқа сүйенуге шақырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделгенін ескертті.
Айта кетейік, Қазақстанда әскерге шақыру жүйесі енді цифрлық форматқа көшеді.