Жетісуда жарты тоннадан астам киік мүйізі заңсыз айналымнан алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысында 500 келіден астам киік мүйізінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

Қызылордалық полицейлер екі тұрғыннан 2038 киік мүйізін тәркіледі
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Жетісу облысында полиция, прокуратура және ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, жануарлар дүниесі объектілерінің заңсыз айналымының жолын кесу бағытында жедел іс-шаралар жүргізді.

Іс-шаралар Панфилов ауданы аумағында өткізілді. Нәтижесінде 6 күдікті ұсталды.

Сыртқы белгілері бойынша киік мүйізіне ұқсас 1,6 мыңнан астам зат анықталып, олардың жалпы салмағы 500 келіден асатыны белгілі болды. Аталған заттардың заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Осылайша сирек кездесетін жануарлардың дериваттарын заңсыз өткізу арнасының жолы кесіліп, жануарлар дүниесіне келтірілуі мүмкін залалдың алдын алу қамтамасыз етілді.

— Аталған дерек бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлармен және олардың бөліктерімен заңсыз айналысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы, өткізу арналары және өзге де қатысы бар тұлғалар анықталып жатыр, — делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, браконьерлік пен жануарлар дүниесі объектілерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстары ерекше бақылауда және жүйелі түрде жүргізіледі.

Бұдан бұрын Павлодар облысында киіктердің саны бір жылда төрт есе өсіп, 120 мыңға жеткенін жазғанбыз.