Жетісуда жайылым тапшы: 25 млн теңгелік жер учаскесі мемлекетке қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысының прокуратурасы жылдар бойы мақсатсыз иеленуде болған ауыл шаруашылығы алқаптарын мемлекет меншігіне қайтарып, мемлекет мүддесін қорғауды қамтамасыз етті.
Ескелді ауданының прокуратурасы жүргізген талдау барысында уәкілетті органдар жалдау мерзімі өткен жерлерді қайтару шараларын жүргізбегені және бюджетке төленетін міндетті төлемдерді өндіру мәселесіне тиісті көңіл бөлмегені анықталды. Соның салдарынан құнды ресурстар экономикалық айналымнан тыс қалған.
— Жағдайды түзету мақсатында енгізілген прокурорлық ықпал етуактілерін қарау нәтижесінде пайдаланылмай жатқан жалпы ауданы 1000 гектар жер учаскелері мемлекетке қайтарылды. Қайтарылған активтердіңбағалау құны 25 млн теңгені құрады, — делінген прокуратураның хабарламасында.
Бұл жерлер енді өңірдің мұқтажына, соның ішінде жергілікті халық үшін жайылым тапшылығы мәселесін шешуге бағытталатын болады.
Жетісу облысының прокуратурасы заңдылық пен жер ресурстарын ұтымды пайдалану қағидатын қамтамасыз ете отырып, жер қорын түгендеу бағытындағы жұмысты жалғастырады.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы Қазақстанда жайылымдық жер көлемі бойынша бірінші орында.