Жетісуда жыл басынан бері мал ұрлығының 85 фактісі тіркелген

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облыстық полиция департаменті өңірде мал ұрлығы азайғанын мәлімдеді. Жыл басынан бері ұрланған 150-ден астам мал табылып, иелеріне қайтарылған.

Мал базары
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Жыл басынан Жетісу облысында мал ұрлығы бойынша 85 факті тіркелген. Жауапты мамандардың мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 37%-ға төмен.

Дегенмен, ауылда асырап отырған малынан айырылып жүген ұстап қалғандар көп. Әккі ұрылар қорадан да, жайылымнан да төрт түлікті қолды қылады. 

— Мал ұрлығының ашылуына кедергі жасайтын факторлардың бір ол — мал жоғалғаннан кейін көпшілігі өз күшімен іздеуге тырысады. Іздеумен көп уақытын өткізіп алғаннан кейін полицияға жүгінеді. Полицияның атқарған жұмыстарының нәтижесінде Жетісуда тіркелген мал ұрлығының саны 135-тен 85-ке дейін төмендеді және оның ашылуы 67,4%. Жыл басынан бері барлығы 153 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды, — делінген хабарламада.

Сондай- ақ, Жетісу облысы полиция департаменті мал иелеріне: малды таңбалау, жылқыларға төлқұжат алу, мал қорасын жақсы нығайту, жарық орнату және бейнебақылау камераларын орнату, малды ұзақ уақыт қараусыз қалдырмау, жайылымда ұжымдық мал жаюды ұйымдастыру жөнінде кеңес береді.

Мал жоғалған жағдайда оқиға туралы «102» нөміріне қоңырау шалып, полиция қызметкерлеріне дереу хабарлау қажет.

Еске салайық бұған дейін Жетісу облысында 6 сиыр ұрлаған азаматтың 2 жылға сотталғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар