Жетісудағы ерекше ферма: 1,5 мыңнан астам есек не үшін өсіріліп жатыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының Қаратал ауданындағы есек өсіретін ерекше ферма әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары мұнда Қазақстанның әр өңірінен әкелінген жануарлар кейін косметика өндірісіне пайдалану үшін Қытайға жөнелтіледі деген ақпарат таратқан.
Осыған байланысты Kazinform агенттігінің тілшісі Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан ресми түсініктеме алды.
Басқарма мәліметінше, аталған фермадағы барлық жануар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес есепке қойылып, ресми тіркелген.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, фермаға есектер Қазақстанның әртүрлі өңірінен жеткізіліп, кейін Қытайға экспортталады деген болжам айтылған. Алайда бұл ақпараттың ресми расталған дерегі әзірге жоқ.
Ведомство өкілдері есектерді күтіп-бағу мен тіркеу қолданыстағы заңнамамен реттелетінін атап өтті.
— Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 бұйрығымен бекітілген ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларына сәйкес, есектер ірі қара, ұсақ мал, жылқы, түйе және шошқамен бірге міндетті түрде сәйкестендіріліп, тіркелуге жатады, — деп хабарлады басқармадан.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі дерекке сәйкес, Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласына жақын орналасқан Ескелді би ауылында екі ірі есек тобы ресми тіркелген.
Атап айтқанда, Jixiang International Trade Import & Export Co., Ltd жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есебінде 1 199 бас есек бар. Тағы 351 жануар басқа бір жеке тұлғаның атына тіркелген. Осылайша бір ғана елді мекенде ресми түрде 1 550 есек есепке алынған.
Сондай-ақ басқармада биыл тіркелген барлық жануарға міндетті ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар аясында сібір жарасына қарсы вакцина салынғанын мәлімдеді.
Сонымен бірге ведомство есектердің нақты қандай мақсатта өсірілетінін және олардың Қазақстаннан тыс жерлерге экспортталатынын нақтыламады. Сондай-ақ жануарлардың косметика өндірісінде пайдаланылатынын растайтын ресми ақпарат жоқ екені атап өтілді.
Осыған дейін ШҚО-да экологиялық талаптарды бұзған шошқа фермасы жауапқа тартылғаны туралы жаздық.