Жетісудағы Райкөл: адам батпайтын көлдің сыры неде
АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысының Ақсу ауданындағы Жалқұм шөлінің қақ ортасында орналасқан Райкөл немесе Жұмақ көлдері өзінің ерекше табиғи қасиеттерімен танымал. Судың тұздылығы өте жоғары болғандықтан, бұл көлді Қазақстанның Өлі теңізіне балайды.
Жұмақ көліне апарар жол Жалқұм шөлінің құмды алқаптары мен сексеуіл өскен аумақтар арқылы өтеді. Шөлдің қақ ортасында орналасқан көл көгілдір суымен және ақ тұзды жағалауымен ерекшеленеді.
Көлдің басты ерекшелігі – суындағы тұздың өте жоғары концентрациясы. Соның әсерінен судың тығыздығы артқандықтан адам су бетінде еркін қалқып тұра алады. Мамандар жоғары минералданған суда 15-20 минуттан артық болмауға кеңес береді.
Тұзды көлдердің дәл жанында тұщы көлдер орналасқан. Сондықтан шомылғаннан кейін туристер денесіндегі тұзды сол жерде-ақ шайып кете алады.
Көлдің ерекше түсі минералдардың ғана емес, сондай-ақ Artemia salina ұсақ шаяншалары мен арнайы балдырлардың әсерінен қалыптасады. Жыл мезгіліне, күн сәулесінің түсу бұрышына және микроағзалардың белсенділігіне қарай су көгілдір, жасыл немесе қызғылт-сары түске енеді.
Жергілікті тұрғындар Райкөл атауына байланысты көне аңызды бүгінге дейін сақтап келеді. Аңыз бойынша, Райхан есімді қыз ауыр дертке шалдығып, Жалқұм шөліне кетеді. Тұзды көлге батып өлмек болғанымен, судың көтергіш күші оны жағаға қайта-қайта шығарып отырған. Кейін көлдің тұзды суы мен емдік балшығының арқасында сауығып, елге оралған қыздың құрметіне көл Райкөл аталған.
Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары бұл маңдағы әскери госпитальда сарбаздарды тұзды су мен емдік балшықпен емдеу тәжірибесі қолданылғаны айтылады.
Райкөлдің емдік балшығы табиғи SPA ретінде кеңінен пайдаланылады. Туристер оны буындарына және терісіне жағып, кепкеннен кейін көл суымен шайып тастайды. Бұл балшықтың қабынуды азайтуға, буын мен омыртқадағы ауырсынуды жеңілдетуге, бұлшықет шаршауын басуға және терінің жағдайын жақсартуға көмектесетіні айтылады.
Райкөлде туристік инфрақұрылым жоқ. Көл Жетісу облысының Ақсу ауданында орналасқан. Алматыдан шамамен 500 шақырым, Талдықорғаннан 200 шақырым жерде. Соңғы жол бөлігі құм арқылы өтетіндіктен, жол талғамайтын көлік қажет.
Мамандар саяхатқа шығарда жеткілікті мөлшерде ауызсу, күннен қорғайтын құралдар, жабық аяқ киім, шатыр және автономды демалысқа қажетті жабдықтарды алып жүруге кеңес береді. Сондай-ақ табиғи нысанның бірегейлігін сақтау үшін қоқысты өзімен бірге алып кетуге шақырады.
Айта кетейік, ШҚО-дағы жазғы демалысқа арналған ең үздік 8 туристік бағыт туралы мынау сілтемеден оқыңыз.