Жезқазғанда бастапқы мыс концентратын қайта өңдеу бойынша құны 1,3 млрд.теңгенің қанатқақты жобасы іске асырылады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Жезқазғанда Индустриаландыру картасы бойынша жалпы құны 1,3 млрд.теңгені құрайтын мыс концентратын өңдейтін қанатқақты жоба жүзеге асырылады, деді Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев.
«Біз, бүгін Индустриаландыру картасына енгізілуге ұсынылған «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-нің «Бастапқы мыс концентратын өндірудің өндірістік гирдометаллургиялық учаскесі құрылысының» жобасын талқылап отырмыз. Оның жалпы құны - 1,3 млрд.теңгеңні құрайды», - деді аймақ басшысы Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойныша облыстық Үйлестіру кеңесінің отырысында.
Облыс әкімі бұл жобаны өте маңызды деп атады.
«Ол - Жезқазған аймағын кешенді дамытудың бір бөлігі болып табылады. Әрі өндірістің өмірін біраз жылдарға дейін ұзартады», - деді Б.Әбдішев.
«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-нің күрделі құрылыс департаментінің өкілі Мұрат Құрманов атап өткендей, биыл жобалық-сметалық құжаттама аяқталып, құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады.
Жобаның мақсаты - бастапқы мыс концентратын өндірудің гидрометаллургиялық технологиясы бойынша Жезқазған мыс қорыту зауытын қайта жөндеудің технологиялық өлшемдерін жасау», - деді ол.
Компания өкілінің айтуынша, аталмыш жобаны жүзеге асыру - Жезқазғандық кең орынның шикізаттық базасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Аталған технология кенеусіз кен мен бастапқы мыс концентратын өндіруде пайдалану шығындарын азайтып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді», - деп атап өтті М.Құрманов.
Сондай-ақ ол аталған жобаны жүзеге асыруға Жезқазған мыс қорыту зауытының босатылған жұмысшылары жұмылдырылатынын да айтты. Бұл мақсатта олар гидрометаллургиялық технология бойынша қайта даярлау мен біліктілігін арттыру курсынан өтеді.
Үйлестіру кеңесі бұл жобаны Индустриаландыру картасына енгізу туралы ұсынысты мақұлдады.