Жезқазғанда мас жүргізуші 19 жастағы жүкті әйелді қағып өлтірді
ҚАРАҒАНДЫ. 26 маусым. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Жезқазған қаласында мас жүргізуші 19 жастағы жүкті әйелді көлікпен қағып өлтірді.
Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
Полицияның ақпаратынша, жол-көлік оқиғасы 24 маусым күні сағат 14:00-де Жезқазғаннан 3 шақырым жерде орналасқан батыс айналма жолда орын алды. «Қызметтік «ВАЗ-2115» көлігін мемлекеттік нөмірсіз, мас күйінде басқарған Жезқазған қаласының тұрғыны, жолдың жиегімен жүріп келе жатқан 19 жастағы жүкті әйел мен оның 47 жастағы әкесін қағып кетті. Жол апатының салдарынан әйел алған жарақаттардан оқиға орнында көз жұмды. Түрлі жарақаттар алған оның әкесі ауруханаға жеткізілді», - делінеді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Адамдарды қаққан соң, көлік жыраға құлап кетті. «Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген хабарламада. Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарланғандай, жүргізушіге бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешілуде.