Жезқазғанда өмірді сақтап қалуға бағытталған бірегей операциялар жасала бастады

ҰЛЫТАУ. KAZINFORM — Ұлытау облысының тұрғындары алғаш рет өз аймағынан шықпай-ақ жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмек ала алады. «Жезқазған» Медициналық орталығының базасында жүректің кенет тоқтап қалуынан қорғайтын құрылғы — кардиовертер-дефибриллятор орнату бойынша оталары сәтті жүргізіле бастады. 

Жезқазғанда өмірді сақтап қалуға бағытталған бірегей операциялар жасала бастады
Фото: Қазақмыс

Ұлытау өңірінің медицинасы даму жолында жаңа белеске көтерілді. «Жезқазған» Медициналық орталығында алғаш рет жоғары технологиялық медициналық көмек (ЖТМК) көрсетіле бастады. Бұл маңызды қадам Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асты. Компанияның заманауи материалдық-техникалық базасы инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік берді.

Жобаның басты жетістігі — алғашқы табысты операциялар. Кардиовертер-дефибриллятор — жүректің «қорғаушысы» іспетті шағын құрылғы. Ол қауіпті ырғақ бұзылыстарын автоматты түрде анықтап, қажет сәтте электр импульсін береді, сөйтіп жүректің кенеттен тоқтап қалуына жол бермейді. Мұндай жоғары дәлдіктегі операциялар бес пациентке сәтті жасалып, барлығы да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін жүргізілді.

Бұған дейін мұндай ем қажет болған Ұлытау тұрғындары Астанаға немесе өзге ірі медициналық орталықтарға баруға мәжбүр еді. Бұл ұзақ сапарлар, қосымша шығындар мен ауыр диагнозы бар науқастар үшін үлкен күйзеліс тудыратын. Енді, Жезқазғанда ЖТМК енгізілгеннен кейін, жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмек әр адамға өз өңірінде қолжетімді болды.

— Біз бұл нәтижеге ұзақ дайындалдық. Басты мақсатымыз — өңір тұрғындары еуропалық деңгейдегі медициналық көмекті өз қаласында-ақ алу мүмкіндігіне ие болуы, — деді жоба жетекшісі, UMC Heart Center интервенциялық аритмология бөлімінің меңгерушісі Өмірбек Мұздарұлы Нұралинов.

Оның айтуынша, мұндай оталар — аса күрделі әрі көп еңбекті қажет ететін процесс. Ол жоғары кәсіби біліктілігі бар дәрігерлердің еңбегін, сондай-ақ заманауи медициналық жабдықтарды талап етеді. Мемлекет пен «Қазақмыс» арасындағы серіктестік нәтижесінде Жезқазған медициналық орталығында осындай жоғары деңгейдегі араласуларға қажетті барлық жағдай жасалды.

Жезқазғанда өмірді сақтап қалуға бағытталған бірегей операциялар жасала бастады
Фото: Қазақмыс

Кардиовертер-дефибрилляторды орнатудың басты мақсаты — қарыншалық фибрилляция мен жүректің кенеттен тоқтап қалуының алдын алу. Бұл құрылғылар жүрек ауруы асқыну қаупі жоғары адамдар үшін алғашқы профилактика ретінде де, сондай-ақ қауіпті эпизодтарды бұрын өткерген науқастар үшін қайталама алдын алу шарасы ретінде де қолданылады.

Жақын уақытта осындай операциялар тұрақты түрде жүргізіліп, МӘМС жүйесінде сақтандырылған барлық азаматтарға қолжетімді болмақ. Бұл өз кезегінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Жезқазғанда ЖТМК енгізілуі — тек медициналық жаңалық емес, өңірдің әлеуметтік дамуы тұрғысынан да зор жетістік. Бұл — денсаулық сақтау саласындағы инновациялар елордамен шектелмей, аймақтарда да кеңінен қолжетімді бола алатынын дәлелдейтін нақты мысал.

— Бүгінде Қазақстанда өңірлік медицинаның жаңа үлгісі қалыптасып келеді: заманауи технологиялар, кәсіби мамандар мен мемлекеттік қолдау бірігіп, халықтың игілігіне қызмет етуде, — деп атап өтті орталық мамандарының бірі.

Мұндай серпінді даму Ұлытау өңіріне жаңа мүмкіндіктер ашады. Енді әр тұрғын сапалы әрі уақтылы медициналық көмекке сенім арта алады. Ал Жезқазған біртіндеп Орталық Қазақстандағы заманауи медицинаның тірек орталығына айналып келеді.

Бұған дейін Ұлытау облысында алғаш рет ашық жүрекке операция жасалғаны хабарланған болатын

Соңғы жаңалықтар