Жезқазғанда Тәуелсіздік монументі мен Сәкен Сейфуллин ескерткішінің үздік жобалары таңдалды
ҚАРАҒАНДЫ. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысының Жезқазған қаласында қала әкімдігі жанындағы облыстық комиссия Тәуелсіздік монументі мен Сәкен Сейфуллин ескерткішінің үздік жобаларын анықтауға арналған байқаудың алдын ала нәтижелерін шығарды.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қала әкімдігінде хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау Жезқазған қаласында Тәуелсіздік монументін орнатумен айшықталады, - деп атап өтті қала әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Қанат Төлеш. - Байқауға 10 жұмыс ұсынылды. Комиссия олардың ішінде үздіктерді таңдап алды, енді олар бекітілу үшін Астана қаласындағы республикалық комиссияға жіберіледі».
Қалалық комиссия мүшелерінің бағалауынша, Тәуелсіздік монументінің екі жобасы үздік деп танылды. Ол жұмыстардың бірінің авторы - қарағандылық мүсінші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Мұрат Байсбай. Екінші жобаның екі авторы бар, оны жезқазғандық Кенже Ахметов пен Октябрь Сетеманов ұсынып отыр.
Сәулет композициясын орнату шығынын облыс әкімдігімен жасалған меморандум шеңберінде «Қазақмыс» корпорациясы өз мойнына алып отыр.
Сондай-ақ комиссия қазақтың танымал өнер қайраткері, ақын әрі жазушы С.Сейфуллинге арналған екі үздік ескерткіш жобасын таңдап алды, деп хабарлады Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы. Оның айтуынша, байқауға 9 жоба келіп түсті. «Үздік жоба болып алматылық мүсінші, профессор, ҚР еңбегі сіңген қайраткер Бақытжан Әбішев пен қарағандылық Жаубасар Қалиевтің жұмыстары танылды», - деді Қ.Төлеш.
С.Сейфуллинге арналған ескерткішті орнату үшін қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылған.